Өскемен жұрты қоғамдық көліксіз қалуы мүмкін
Бұған жергілікті тасымалдаушы 6 ірі компанияның тығырыққа тірелуі себеп болмақ. Шығыс Қазақстан облыстық кіріс департаментіндегілер оларды 4 жарым миллиард теңге салықтан жалтарды деген шешім шығарған. Ал бұны негізсіз деп санайтын қоғамдық көлік қожайындары оны төлесек қалады адам тасымалы тоқтап қалады деп отыр. Олардың айтуынша, көлікке күнделікті құятын жанармайдың өзіне ақша әрең табылады. Сондықтан мұндай үлкен соманы төлеуге қалталары көтермейді екен.
Автор: Ұлан Нұрахмет
04.01.2018
Қазір Өскеменде салықшылар мен тасымалдаушылар арасындағы дау өршіп тұр. Соның салдарынан бүтін бір шаһар тұрғындарының Жаяу Мұсаның кейпін киюі ғажап емес. Өйткені жолаушы тасымалымен айналысатын жергілікті компаниялар салықшылар міндеттеген қаражатты төлесе, құрдымға кетулері мүмкін.
Қанат Қалелов, автопарк директоры:
-Егер де бұл шешім заңды күшіне енсе, барлық дүние-мүлкіміз бұғатталады. Ал бізге жұмыс істеуге ешқандай мүмкіндік болмай қалайын деп тұр.
Алайда, автопарктарға өткен жылы тексеріс жүргізген мамандар, олар қайткен күнде де төлем жасау керек деген уәж айтады. Мәлімдеулерінше, көлік ұйымдары басшыларының автобус жүргізушілерімен өзара келісім-шарт жасау барысында заң бұзғандарын анықтапты. Сол арқылы бұлар қосымша құн салығы мен корпоративтік табыс салығынан жалтарып отырған көрінеді. Ал салықшылар осының бәрін есептей келе, мемлекете 4 жарым миллиард теңге шығын келген деп ұйғарып отыр.
Нұргүл Омарбекова, ШҚО мемлекеттік кіріс департаменті аудит бөлімінің бас маманы:
Оның ішінде, салық міндеттемелерді айқындау нормалары, оның көлемдері, ставкасы дейміз ғой соны бұзғандарын анықтап отырмыз.
Ал бұл тұрғыда, бір автопарктың өзі салықшыларға орташа есеппен 1 миллиардқа жуық теңге төлеуі керек. Бірақ, күнделікті жүрісін әрең ақтаймыз деп зар қаққан компания қожайындары, не істерлерін білмей дал. Олар жергілікті билік пен прокуратураға араша түсуін сұрап, хат та жолдаған. Жолаушы тасымалдаушылардың ендігі бар үміті – осы құзырлы орындарда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!