Павлодар облысында ірі көлемде ақша бопсалады деген күдікпен кәсіпкер ұсталды
Басы даудан арылмайтын Михаил Барсуковский бұл жолы Шарбақты ауылының тұрғынынан 10 мың доллар мен үш бас жылқы талап еткен көрінеді.
04.01.2018
Тергеу материалдарына қарағанда, кәсіпкер әуелде жерлесінің үш бас жылқысын айдап әкеткен. Бірнеше күннен соң қоқаң-лоққы көрсету арқылы талап еткен ақшаның жартысын, яғни 5 мың долларды алдыртыпты. Полицейлер кәсіпкерді сол ақшаны алып жатқан жерінен ұстаған. Сөйтсе, ол ер адамды масқаралайтын видеоларды ғаламторға жариялаймын деп қорқытып келіпті. 62 жастағы Михаил Барсуковскийдің өзі желі қолданушылары арасында «Спрут» бейнефильмдерінің авторы ретінде танымал. Бұған дейін Шарбақты ауданының әкімі мен ондағы полицейлерді түгел жемқор деп айыптаған ол бұл іске прокуратураның араласуын сұраған еді. Ақыры өзі ақша бопсалады деген күдікпен ұсталған Барсуковский сот шешімімен екі айға қамауға алынды. Кінәсі дәлелденген жағдайда төрт жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!