Петропавлда болған коммуналдық апаттың себебі анықталды
Мамандар оған құрылыс жұмыстарын сапасыз атқарған мердігерді кінәлап отыр. Ал үйлерін су басқан тұрғындарға жәрдемақы төленетін болды.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
05.01.2018
Барлығы бес үйдің жертөлесін су басып, жұрт қысқа қамдаған азық- түлігінен айрылған екен. Алайда сол күні ақ «Қызылжар су» мекемесінің қызметкерлері үй-үйді аралап, шығын көлемін есептепті. Әр отбасына олар шамамен 200 мың теңге көлемінде жәрдемақы таратпақшы. Естеріңізге салсақ, Петропавлда жер астымен өтетін құбыр жарылып, су орталық көше мен бірнеше жер үйді басып қалған еді. Он бес көпқабатты үй мен 4 әлеуметтік-мәдени мекеме күні бойы сусыз отырды. Күздің қара суығында да жұмыс жүргізіліп, екі ай бұрын ғана пайдалануға берілген құбырды көкшетаулық фирма төсепті. Құрылыс жұмыстарының кепілдік мерзімі өтпесе де, апат салдарын жергілікті «Қызылжар су» мекемесі жойған. Енді олар бар шығынды мердігерден талап етпекші.
Арман Сауытов, «Қызылжар Су» ЖШС техникалық директоры:
-Қатты аяз салдарынан темірдің тығыздылығы артады да, оның көлемі қысқарады. Бұл – физика заңы. Сөйтіп, оның сапасыз дәнекерленген жері жарылып кеткен. Барлық жұмыстарды өз күшімізбен атқардық, енді көкшеатулық мердігер біздің шығынымызды толық өтейтін болды. Шығын көлемін қазір есептеп жатырмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!