Денсаулық сақтау министрлігі инсулиннің тапшылығына байланысты мәлімдеме жасады
Тегін дәрі тентіретті! Алматыда инсулин дауы әлі шешімін табар емес. Қант диабеті мен гипертонияға шалдыққан науқастар сол күйі емхана мен дәріханаларды аралап, өздері тәуелді препаратты таппай, қиналып жүр.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
08.01.2018
Екатерина Молодцова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Дәріге уақытылы қол жеткізе алмайсың. Өткен жылдың соңында алуым керек еді. Әлі жүрмін. Өйткені, инсулин еш жерде жоқ. Денсаулық сақтау басқармасына барып, ұрыс шығарсаң ғана беріледі. Қатты қиналып кеттік.
Ұрыс-керіспен 2 аптаға жететін дәріні әрең аламыз дейді науқас. Ал, бұрын ол бірден 3 айға беріліп келген. Әрі препараттың белгіленген түрін ала алмаймыз деп өкпелі. Ал, оны сатып алуға кез-келгеннің жағдайы келмейді. Өйткені, дәрінің бір қорабы шамамен 10 мың теңге тұрады екен. Инсулин тапшылығы мұнда қазанда басталған болатын. Содан бері жауаптылар мәселені көп ұзамай шешеміз деп сендірген. Енді бұған дәрігердің қарауына дер кезінде бармаған науқастардың өздері кінәлі болуы мүмкін деп отыр. Тегін дәрінің тапшылығына байқаудың кеш өткізілуі де әсер етпей қоймаған. Десе де, өзге қалаларда мұндай қиындық жоқ деген Денсаулық сақтау министрлігіндегілер тағы да уәде беріп, алматылық науқастарды инсулинмен көп ұзамай қамтамасыз етеміз деп отыр.
Людмила Бюрабекова, Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің төрайымы:
- Препарат тапшылығы сезілетінін алдын ала болжадық. Сол үшін қосымша қаржы бөлдік. Соның есебінен қаңтар-ақпан айларында науқастарға дәрі жеткілікті болуы тиіс еді. Ал, тапшылықтың нақты неден туындағанын анықтайтын боламыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!