Ерлан Біләлді қорғаштаған актриса жалғанды жалпағынан басқандар жайлы жылап тұрып өлең оқыды
Қасақана қастандық қылған сатқынды соттау керек. Қазақстан театрлар қауымдастығы парамен ұсталған актер Ерлан Біләлға араша сұрап отыр. Халық әртісі Асанәлі Әшімов бастаған өнер саласының майталмандары үзеңгілестеріне әдейі ор қазып, осы жағдайды ұйымдастырған адамдардың сот алдында жауап беруін талап етіп отыр. Естеріңізге салсақ, Әуезов театрының директоры бірнеше күн бұрын 1 жарым миллион теңге пара алу кезінде ұсталған болатын. Ол кінәсын бірден мойындағандықтан, тергеу аяқталғанша бостандықта жүрмек.
Автор: Асқарбек Қазанғап
08.01.2018
Әкем театрдың сахнасы бүгін күрсініске толды. Жиналған әртістер қауымының жанарлары солғын тартқан. Үзеңгілестері Ерлан Біләлдің басына түскен жағдай олардың да қабырғасын қайыстырғандай. Мүйізі қарағайдай Асанәлі Әшімов бастаған, Нұрлан Оразалиндер қостаған зиялылар араша сұрап, ағынан жарылды. «Құлагерді» сүріндірген Батырашты ел білуі тиіс дейді.
- АСАНАӘЛІ ӘШІМОВ, ҚАЗАҚСТАН ТЕАТРЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
-Осыны ұйымдастырған адамды сотқа шақырамын. Біз Жапонияға кеткенде, коллектив демалып жатқанда театрдың ішіне аппаратура орнатқан. Ауырып жатқан жерінен шақыртып осындай жағдайға душар қылған.
Қаңтардағы «Ерлан парамен ұсталды» деген хабар демде от тиген қаудай лап етті. Құзғынға жиналған қарғадай, оны қаралағандар да қаптады. Өсектен өзектері өртенген өнер өкілдері Ерланның бір қателігі үшін тұнған талантын таптап, тұншықтыруға болмайтынын, директорлық тағынан тайғанмен, әртістік арғымағынан түспеуі керек екенін айтады.
Нұрлан Оразалин, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы:
-Ерлан таза қалпы, өзінің ақ көйлек болмысымен, сенгіштігімен келіп осы жайсыз жағдайдың құрбаны болып отырғаны секілді . Тарихтан білеміз Моцарт пен Салеридің қалай болғанын. Демек арамызда Селерилер әлі бар. Олар ең қиын әрекетке барып отыр.
Ерланның әріптестері оның адамдығын айтып ақтап, емірене, көздеріне жас алып егілді.
-Жалғанды жалпағынан басқандар,
Ар-абыройдан асқандар,
Бәрі де сенің оғыланын, бәрі де.
Табала мейлі, тала мейлі,
Талып жығылған тұлғанның табанына
Ақ баталы алақанынды төсе мейлі,
Ол сенікі қазақ!
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері өткен апта бір жарым миллион теңге пара алғаны үшін ұсталған еді. Ол театр ғимаратын балаларға жаңа жылдық кеш өткізуге жалға бермек болған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!