СҚО тұрғыны әйелін пышақтап кейін үйін өртеп жіберді
Солтүстік Қазақстан облысының Вишневка ауылында 56 жастағы ер адам әйелін пышақтап тастады. Артынан ол өзін өртеп жібермек болған. Сөйтіп, оның отбасы тұрып жатқан үйді қызыл жалын жалмап, 4 бала далада қалды. Олардың үшеуі кәмелет жасына да толмаған. Қазір пышақ жарақатын алған 43 жастағы Юлия Капустина мен оның күйеуі аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Ал ауылдағы туыстарын паналап қалған балалары ел-жұрттан көмек сұрап отыр.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
08.01.2018
12 жасқа толған Настяның туған күнін атап өткен отбасының шырқын араққа тойып алған әкелері бұзыпты. Бәріңді бауыздап өлтіремін деп, балалардың зәресін алған. Әйелінің пышақ жарақатын алғанын көрген 56 жастағы Владимир Тарасов өзін өртеп жібермек болған. Алайда күш алған от өздері тұрып жатқан баспананы тып-типыл етіпті.
-Мына үйді Тарасовтар отбасы екі жыл бұрын екі миллион теңгеге сатып алған екен. Ауыл шетінде орналасқан баспана мал ұстауға ыңғайлы болған. Мамандардың айтуынша, үй қайта жөндеуге келмейді. Сүріп тастап, жаңасын салу керек. Ал оған отбасының ақшасы жоқ.
Балалар қазір ауылдағы туыстарын паналап отыр. Үйдің ішіндегі дүние-мүлік, киім-кешек түк қалмай өртеніп кеткен. Жарақат алған келіншек соңғы жылдары мал ұстап, шаруасын дөңгелете бастаған екен. Қорадағы мал аман қалғанымен, қысқа қамдаған жем түгел жанып кетіпті.
Евгений Снегирев, Ю.Капустинаның ұлы:
-Соңғы жылдары тек малмен ғана күнімізді көріп отырдық. Сүт сауып саттық, мал сойып, еттей саттық. Енді оларға жем керек. Ауылда жұмыс жоқ. Дәулетті туысымыз да жоқ.
Ересек балалары әлеуметтік желіге жағдайларын айтып, жұрттан көмек сұрапты. Қайырымды жандар кешелі бері киім- кешек әкеліп беріп жатқан көрінеді. Бірақ бастысы –баспана дейді балалар. Ертең шешелері аурухандаан шығып келсе, олардың барар жерлері жоқ .
Кәмила Хасанова, Ю.Капустинаның қызы:
-Әкемізді кешірмейміз. Жазылып шықса, түрмеге тоғытылсын. Анам байғұс талай рет одан жәбір көрді. Ішіп алса, ұрып-соғатын. Талай рет үйден қуып та көрді, ешқайда кетпейді. Енді, міне, анамызды пышақтап тастады.
Бұл отбасының жағдайы енді қалай болары белгісіз. Бір қуантарлығы, аналарының беті бері қарай бастапты. Әкелері әлі ауыр халде көрінеді. Тірі қалғанның өзінде оны сот жазасы күтіп тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!