Семейде ескі балабақашаның жекеменшікке өтуі үлкен дауға ұласты
Ал жергілікті биліктің бұл шешіміне ата-аналар наразылық білдірді. Олардың айтуынша, мекеме жекенің қолына өткенімен, ел қазынасына ешқандай пайда келмейді. Өйткені оған жыл сайын бюджеттен бөлінетін қаражаттың көлемі артпақ. Жұрт жаңа қожайын онымен қоймай біздің де қалтамызды қағады деп ашулы.
Автор: Ұлан Нұрахмет
09.01.2018
-Дәл мына тай шаптырым аумақты алып жатқан, екі қабатты Айдана балабақшасы қаланың қақ ортасында орналасқан. Тіпті, жергілікті әкімдікпен ара қашықтығы бар болғаны 5 минуттық жер. Сондықтан болар, ұлардай шулаған ата-аналар бәстік саудаға бірінші түстік деп наразы.
Осылайша дүрліккен дүйім жұрт қолайлы мекемеге дөкейлердің бірінің көзі түсті деген пікірде. Себебі, қазір мемлекет бұл балабақшаға бір жылда 5 млн. теңге аударатын көрінеді. Ал ол жеке инвестордың қолына өтсе, бұл сома 7,500 млн. теңгеге ұлғайады екен. Енді олар экономикаға салмақ салмаудың қамы деген атқамінерлердің уәжін түсінбей дал.
Иса Жұмагелдин, Семей қаласының тұрғыны:
-Түк те сынып жатқан жоқ. Ағып жатқан жоқ. Ешқай жерінде. Мұндайды неге береді? Біреу көтерем деп тұр ма?. Онда қаланың шетінде балабақшалар бар. Құлағалы тұрған. Соны неге алмайды?
Сондай-ақ, жұрт жекеменшік иесі келгенде балақашаға баласы үшін төлейтін төлемнің көлемі де арта ма деп алаңдаулы. Айтуларынша, инвестор салған ақшасын шығару үшін, бір баладан айына 12 500 теңгенің орнына , 25 мың теңге алуы мүмкін. Онымен қоса, тамыр-таныс төңіректеп, білікті тәрбиешілердің де қалмайтынын алға тартуда.
Рая Масаева, Семей қаласының тұрғыны:
-Кімді алады? Ең бірінші өзінің тусқанын алады. Танысын алады. Ол жерде мұғалімнің, тәрбиешінің деңгейі тексеріле ме, тексерілмей ме, бірінші жағдай. Жекеменшік болғаннан кейін, санитария, мына білім бөлімі олардың барлығын тексермейді. Келеді де шайларын ішіп кетеді.
Ашуға булыққан қарашаны білім бөлімінің маманы сабырға шақырып әлек болды. Оның айтуынша, балабақша жекеменшіктің қолына түбегейлі кетпейді екен. Тіпті, төлемақысын да өсіртпей өзіміз қадағалап отырамыз дейді.
Гүлнар Оразбекова, Семей қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:
Біз бірлесіп жұмыс істейміз. Ол қаржыны қазіргі балалардан емес, қосымша үйірме және ақылы топ ашу арқылы табады. Жекеменшіктің қолына біржола бере салмаймыз. Инвестор бір жыл ғана жүреді. Егер жұмысты жүргізе алмаса, қайтарып аламыз.
Бірақ бұл сөзге ата-аналардың сенгісі жоқ. Өйткені 280 балаға есептелген балабақшада қазір 325 бүлдіршін бар. Сондықтан қосымша ақылы топ ашатын орын жоқ. Енді, олар құзырлы органдардан көмек сұрамақ ниетте. Ал шенеуніктер қаладағы тағы 4 балабақшаның инвесторға берілетінін жеткізді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!