Алматы облысында оқушылар сабақта сырт киіммен отыруға мәжбүр
Алматы облысы Есік қаласындағы мың балаға шақталған мектепте жеткілікті жылу жоқ. Жаураған балалар сабақта сырт киіммен отыруға мәжбүр. Басты мәселе жылу қазандығының мектепті жылытуға күші жетпейді. Білім ошағының салынғанына он жыл өтсе де жылу құбырының күрмеуі шешілмепті. Облыс басшылығы бұл мәселеден хабардар. Бірақ, жаураған бүлдіршіндермен ешкімнің шаруасы жоқ сияқты.
Автор: Ербол Тұрымбет
09.01.2018
Мектептің алдына жиылған мына ата-аналар сабақ жайын сұрауға емес, балаларының жағдайын айтуға келіп тұр. Мектептің сырты бүтін көрінгенімен, іші суық. Ата-аналар қыс басталса көретініміз осы дейді.
Татьяна Лено, оқушының анасы:
-Немерем үшінші сыныпта оқиды. Сабаққа көп қатыспайды. Ылғи ауырады да жүреді. Неше рет ота жасаттық. Баяғыдан бері базынамызды айтып-ақ келеміз. Оңалған ештеңе жоқ.
Валерия Баева, ата-ана:
-Сынап бағанын таңертең сыныпқа әкеп өлшеп көргенмін. 12 градус шамасында көрсетіп тұр. Біздің баламыздың сыныбында қыста ешқашан 15 градус болмаған.
Үш қабатты ғимараттың іші шынымен де салқын. Қалың киінбесе, суықтан сырқат табуға болатындай. Кей сыныптардың ішінде оқушылар сыртқы киімімен отыр. Кей оқу бөлмелері тіптен бос тұр. Іргеге жүргізілген батареяларда жылу болғанымен онысы ішкі температураны көтеруге жетпейді. Әсіресе таңертеңгі уақытта.
Сыныптың іші ғана емес, спорт залында да осындай жағдай. 7 градустық жылуда балалар ойын қыздырып жатыр. Жалпы, мәселенің басында құрылысшылардың қателігі тұр. Жоспар бойынша, әуелде мына қауқиған қабырғалар интернат болып, жылу осында кіріп, одан соң мектепке келу керек болған. Бірақ, интернаттың құрылысы осы күйінде қалған. Енді, жер астымен жүргізілген құбырдың жалпы ұзындығы 3 шақырымнан асады. Соның кесірінен, бүкіл жылудың 40 пайызы далаға кетіп жатыр екен.
-Жұқалтым қаңылтырдан салынған шатыр шыңылтыр аяз бен қардың ызғарына қорған емес. Мектептің екінші мәселесі осы. Тіпті бұл жердің сырт киімсіз адамды тоңдыратындай суығы бар. Даңғарадай жерге жылу батареялары да жүргізілмеген.
Сондықтан, ғимараттың ішін қанша жылытқанмен, жылудың бәрін шатырдың жұқалығы жұтып кетіп жатыр дейді. Осы жағдайдың бәрін мектеп басшылығы неше жылдан бері аудандық, облыстық деңгейде көтеріп келіпті. Нәтиженің жоқтығына оныншы жыл көз жетіп отыр екен.
Ақмарал Есенбаева, Райымбек батыр атындағы орта мектеп директорының орынбасары:
-Мектеп салынғанына 10 жыл болды биыл. Басшымыз Әлімжан Мұқанұлы жыл сайын осы сұрақ бойынша жоғарғы органдарға барып, неше рет өтініштерін тастаған. Қазандықты мектепке жақын орналастыруға көшіруге. Әлі жоғары жақтан жауап берілген жоқ және қаражат бөлінген жоқ. сондықтан, өзіміздің мүмкіндігімізше кабинеттерді жылытып, балаларды сабақтан қалдырмауға тырысып жатырмыз.
Жалпы, облыстағы осы Еңбекшіқазақ ауданы аумағында сұйық отынмен жылынып отырған 85 мектеп, 16 балабақша бар екен. Солардың арасында жалғыз осы Райымбек батыр атындағы мектептің жағдайы қашып тұр. Басшылықтың айтуынша, биыл облыс бюджетінен қаражат қарастырылып жатқан көрінеді. Бірақ, оның өзі сыбыс қана.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!