Қарағанды облысында жұт дертіне шалдыққан бір үйір жылқының көзі жойылды
Мамандар кесел анықталған Қарақұдық ауылын 3 айға карантинге жапқан.
Автор: Саят Сабдалы
09.01.2018
Жазылмайтын дертке ірілі-ұсақты 15 жылқы шалдығыпты. Олардың барлығы қаны шығарылмай арам қатырылып, оқшау жерлердегі шұңқырларға тасталған. Ереже бойынша олар өртеліп, күлі көміліп тасталады. Жойылған малдың жасына қарай бюджеттен өтемақы төленеді. Естеріңізге салсақ, Қарақұдықта жылқыға жұққан кесел өткен айдың басында анықталған. Жылқының денесіне жара қаптап, іріңі судай аққан соң ақыры мал болмайды екен. Күл-қоқыс пен шөп-шаламның арасынан жабысатын қоздырғыш тек жылқыдан жылқыға ғана жұғады екен. Дегенмен, бұл дерт аса қауіпті аурулар санатына кіреді. Сондықтан жарияланған карантин аясында ауылдан барлық малдың ет -сүті шығарылмайды. Сырттан да кіргізілмейді. Ауыл жұртына қорадағы малын союға да тыйым салынған.
Марат Мұхтаров, Қарағанды облыстық аумақтық ветеринарлық бақылау комитеті инспекциясының бастығы:
-Ережеге байланысты сол жердегі жануарлардың барлығының өнімдері тоқтатылуы керек. Өйткені карантин жарияланып отыр. Қозғалысты тоқтатпасақ аурудың одан әрі тарау қаупі бар. Осы уақытта біз іс-шаралар жүргізуіміз керек. Ол дизенфекциялау, санитарлық тазалық және қолда бар малды бақылауға алып, тиісті жұмыстар атқарамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!