Назарбаев даулы несиелер мәселесін дереу шешуді тапсырды
Нұрсұлтан Назарбаев несиені оңды-солды тарататын коммерциялық банктерді сынап, қаржы нарығын шұғыл реттеуге пәрмен берді. Енді ұлттық банк президент атаған олқылықтың орнын толтыруы тиіс. Бұл туралы Елбасы өзінің биылға халыққа арнаған 24-ші жолдауында жазды. Басты стратегиялық құжатта Елбасы Үкіметке 10 негізгі міндетті айқындап берген. Ауқымды үндеуде тағы не айтылды?
Автор: Досжан Маратұлы
10.01.2018
-Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жолдауын да видеоүндеу ретінде емес, толық жазбаша түрде жариялауды жөн деп тапқан. Әрі Консититуция да осы екі нұсқаның бірін қолдануға рұқсат етеді. Ал мақала ретінде
жазылған жолдау тұтас бір мемлекеттің бизнес жоспары секілді. Онда президент барлық саланы тегіс қамтып, әкімдер мен министрлердің немен айналысуы керектігін тайға таңба басқандай көрсетіп берген.
Оның алғашқысы - қожыраған қаржы секторын реттеу. Бұл тікелей Ұлттық банктің жұмысы. Алайда ірі қаржы ұйымы шаруаны шатқаяқтатып алған. Соның кесірінен ипотекалық несие алып, кейін оны талайы төлей алмай жүр. Пайданы коммерциялық банктер көріп отыр. Олар оңды-солды несие таратып, халықты әбден діңкелеткен. Ал жұрттың берешегі триллион теңгеден асыпты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-"Перезагрузка" финансового сектора. Меры по оздоровлению банковской системы должны сопровождаться усилением надзора и учитывать интересы простых граждан. Необходимо значительно поднять ответственность тех, кто владеет банками, и тех, кто управляет ими. Требуется расширить кредитование и обеспечить развитие фондового рынка.
Енді Ұлттық банк жағдайды сырттан бақылап қана отырмай, тәбеті артқан екінші деңгейлі банктерді сабасына түсіруі тиіс. Лицензиясын алып қоя ма, әйтеуір тәртіп орнатуға міндетті. Сонымен қатар президент тұрғынүйді көбірек салуға тапсырма берді. Кейін тұрғызылған баспаналар қазіргіден де қол жетімді болуы тиіс. Әрі тұрғындарға берілетін шаршы метрдің көлемі де біршама өспек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек. Осы міндетті орындау барысында құрылыс салудың жаңа әдістерін, заманауи материалдарды, сондай-ақ ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда мүлде басқа тәсілдерді қолдану керек.
Ауыл-аймаққа ауыз су жеткізу де, Үкіметке жүктелген маңызды міндеттердің бірі. Өйткені, еліміздегі ауылдардың жартысына жуығы суға жарымай отыр. Әсіресе, Павлодар, Қостанай, Батыс пен Шығыс Қазақстан облыстарындағы жағдай қиын. Ал халықты сумен қамту үшін жыл сайын 100 миллиард теңге бөлініп жатыр. Сондай-ақ, экономиканың негізгі тіректері мұнай-газ, ауыл шаруашылығы мен орта және шағын бизнеске қаржылай қолдауды да тоқтатпау керек деді президент. Енді бұндай ауқымды жоспарды жүзеге асыру үшін бюджеттен тағы миллиардтар жұмсалмақ. Сол ақша ұстағаннның қолында, тістегеннің аузында кетпесі үшін жемқорлықпен күрес те басты орында қала береді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса береді. Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды. Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді.
Қазір Елбасының жолдауы ел ішінде қызу талқыланып жатыр. Ал, осы стратегиялық, экономикалық құжат бойынша Үкімет енді жыл бойы жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан қазір министрлер, облыс әкімдері мен жауапты шенеуніктер жолдаудың үтір нүктесіне дейін оқып, оны іске асыруға дайындықты бастауы керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!