Ресейге көшкен отбасы Павлодарға қайтып келуге мәжбүр болды
Тарихи отанына кетемін тентіреп қалды! Павлодардан Ресейге көшіп кетіп, ол жақтан қуылған отбасы енді шаһардағы көпқабатты үйлердің бірінің жертөлесінде жаурап отыр. Марина Юткина біржола Ресейде тұрғысы келіп, бала-шағасымен сонда аттанған. Бірақ көп ұзамай отбасы Қазақстанға депортацияланған. Бұған отанасының ондағы уақытша тіркеуді дер кезінде ұзартпауы себеп болыпты. Бұл қылығы үшін айыппұл төлеген әйелдің тіпті алдағы 5 жылда Ресейге баруына тыйым салынған. Баспанасын сатып кеткендіктен, енді барар жері, басар тауы қалмаған отбасы жертөлені паналаудан басқа амал таппай...
Автор: Әйгерім Шакаманова
11.01.2018
ыр.
Үш балалы Марина Юткина екі айдан бері көпқабатты мына үйдің жертөлесін паналаған. Екі жыл бұрын Ресейге көшіп кеткен олар көп ұзамай елге қайтып оралуға мәжбүр болыпты. Онда үй алып, мал ұстамақ болған отбасы арнайы құжаттардың дер кезінде реттелмеуіне байланысты Қазақстанға депортацияланған. Енді алдағы бес жылда Ресейге аяқ баспауы тиіс.
Марина Юткина, Павлодар қаласының тұрғыны:
– Қолымда Қазақстан төлқұжатынан өзге құжат жоқ. Ал Ресей азаматтығын алып үлгерген жоқпыз. Оны растайтын анықтамаға былтыр қыркүйекте тапсырыс бердім. Бірақ әзірге ол жақтан хабар жоқ. Сондықтан еш құжат жасай алмай, балама төленуі тиіс жәрдемақыны да ала алмай отырмын.
Ресейден қуылған әйелге онда уақытша тіркеуді ұзартпағаны үшін айыппұл да салынған. Ақыры Павлодарға оралған отбасы біраз уақытқа дейін пәтер жалдап келіпті. Жағдайларының қиындағанына шыдамаған ұлдардың үлкені жақында сырқаттанып, психдиспансерден бір-ақ шыққан. Оның 14 жастағы інісі арнайы коррекциялық мектеп-интернатта оқып жүр. Ал туғанынан психикалық дертке шалдыққан 20 жастағы Валерия жылы, жайлы үйге көшуді армандайды.
Аула сыпырушы болып жұмыс істейтін Маринаның жалақысы мүгедек қызының дәрі-дәрмегінен аспайды екен. Тарихи отанына сыймағандарға енді біздің шенеуніктер көмек қолын созбақшы.
Рымкеш Сағынова, Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жетекшісінің орынбасары:
-Біз, әрине, алдымен отбасыға дағдарыс орталығына баруды ұсындық. Бірақ олар онда мүгедек қыздың денсаулығына байланысты бара алмаймыз дейді. Бойжеткен ұстамасы жиі ұстап, ешкімге көнбейді екен. Ондағы өзге азаматтардың мазасын қашырамыз деп санайды.Отбасы мүшелерінің құжаттарын жасау үшін елшілікке хабарласып, қолдан келген көмегімізді аямаймыз.
-Отбасына қол ұшын берген еріктілер болса жертөле орналасқан үйдің мекен-жайын жарияламауды сұрады. Әйтпесе, жұрт мұнда көптеп ағылып, онсыз да жиі ауыратын мүгедек қыз шошып қала ма деп алаңдайды. Бұған қоса, пәтер иелерінің кооперативі бұл жерді танып білсе, жалғыз паналары – жертөледен қуып шығуы мүмкін дейді. Ал аула сыпырып нанын тауып жүрген әйелдің өзі енді әлеуметтік желі арқылы жұрттан көмек сұраудан басқа амал таппай отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!