Семейде саяжай тұрғындары кооператив төрайымын қызметінен кетіре алмай әлек
Олар қанша наразылық білдіргенімен, жергілікті билік халықтың базынасына құлақ аспай отыр деп ашулы. Жұрттың айтуынша, төрайым өзін-өзі сайлап алған . Онымен қоймай, қысы- жазы осында тұратын саяжайлықтар жердің бір шаршы метріне ай сайын 1100 теңгеден жинайды екен. Уақтылы төлемесе, жарығымызды қиып қысастық көрсетіп отыр, дейді. Әйтседе, төрайымның қарашаға деген өз уәжі бар.
Автор: Ұлан Нұрахмет
11.01.2018
Ұлардай шулаған жұрттың әбден берекесі қашқан. Айтуларынша, саяжайдан жер алып үй салғандар кооперативка ай сайын жарықтан бөлек, жер үшін бір шаршы метріне 1100 теңге төлеуге міндеттеліпті. Сондай-ақ, төрайым бағбандық жер теліміне жаңадан баспана тұрғызғандардан да ақша жинайды екен.Жұрт бұл мәселені көтеріп талай табалдырық тоздырған.Енді, қалтамыз қағылып, шотымыз бұғатталып жатса да, төрайымға тексеріс жүргізуге жергілікті биліктің шамасы жетпеді деп өкпелі.
Нұрым Уайданов, саяжай тұрғыны:
-Әкімге барсақ, менің жерім емес дейді. Саяжай бізге қарамайды деп отыр. Семей жанымызда тиіп тұр ғой. Прокуратура ол өздерің шешіңдер деді.
Жұрт өздерінен жиналған қаражаттың қайда жұмсалатынын да білмейді екен.Себебі, төрайым саяжайдың 1500 тұрғынын басын қосып, қортынды жиын мүлдем өткізбеген. Тіпті, заң жүзінде тұрғындардың арасынан 38 адам ғана кооперативқа мүше болып шығыпты.Сондықтан ашуға булыққандар басшыны жұмыс орнына іздеп барды. Бірақ төрайым орнынан табылмады.
Бірақ төрайым жиналысты уақытылы өткізіп тұратынын және жұрттан жиналатын қаражаттың қайда жұмсалатынын да айтып ақталды. Оның мәлімдеуінше, саяжайлықтар жер телімінің бір шаршы метрына 1100 теңге емес, 500 теңгеден жылына бір-ақ рет төлейді екен. Ал жаңадан үй салғандардан алынатын ақша, сол баспанаға жарық тарту үшін жұмсалатын көрінеді. Тіпті ол өзіне тұрғындардың бірі қол жұмсап, соққыға жыққанын да айтты.
Сәуле Қаһарманова, ПИК төрайымы:
-Ана жерде мені жығып алды. Анау есікке дейін бейтіп ұстағанда алтын алқамды сындырып тастады.
-Осылайша, төрайым өзін соққыға жыққан тұрғыннан 4 азаматтың әрең арашалап алғанын айтуда. Қазір ол, бұл іске қатысты сотқа да арызданып үлгерген. Ал, жұрттан жиналатын қаражат коммуналдық қызметтерге жұмсалады екен. Сондай-ақ, бұған жергілікті атқамінерлер араласа алмайтындықтарын жеткізді.
Мамандардың мәлімдеуінше, саяжайдың жарығын мемлекеттік балансқа алуға қаражат жоқ. Бүгінде ондағы бағана мен сымдардың басым бөлігін ауыстыру қажет. Ал оған керек қаражатты жұмсауға жергілікті қазынаның шамасы жетпейді. Сондықтан саяжай тұрғындарына кооперативке төзуден басқа амал жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!