Павлодарда заңсыз арақ шығарғандар сотталды
Павлодарда ірі көлемде астыртын арақ-шарап саудалаған қылмыстық топ мүшелері сотталды. Бес адам екі жыл бойы заңсыз жолмен пайда тауып келген.
Автор: Әйгерім Шакаманова
11.01.2018
4 әйел мен бір ер адамнан құралған бұл топ кәсібін дөңгелету үшін Павлодар мен Кенжекөл елді мекенінде қоймаларды жалға алыпты. Ал жалған ішімдікті өндіруге арналған спирт, шөлмек пен акциздік белгілер Семей қаласынан жеткізіліп отырған. Кәсіпкер-сымақтар өнімдерін облыс аумағындағы көтерме және бөлшек сауда орындарына өткізіп келіпті. Бір ғана жұмыс ауысымында екі мыңға жуық жалған спирттік өнім дайындаған пысықайлардың екі жылда ақшаға кенелгені сонша, қымбат көліктер мініп, тіпті Тайландқа демалуға аттаныпты. Бұларға басшылық еткен 46 жастағы азаматша 7 жарым жылға бас бостандығынан айырылса, оның сыбайластары үштен алты жылға дейін арқалады. Бұған қоса, жұртты арзан ішімдікпен қарық қылып келгендер кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылып, олардың қымбат дүние-мүлкі тәркіленіп, мемлекет меншігіне өтпек. Ал аяқ астынан сырқаттанып қалған сотталушылардың бірінің қолына кісен енді тура ауруханада салынуы тиіс.
Жамиға Ахмедия, Павлодар қалалық прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры:
– Бесінші сотталушы – Семей қаласының тұрғыны. Сырқаттанып ауруханаға түсуіне байланысты үкім тыңдауға келмеді. Бірақ сол жатқан жерінен қамауға алынады. Бұған дейін ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандықта жүрген болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!