Қарағандыда таксиші әйелді өлтіргендерге қатысты сот процесі басталды
28 жастағы Юлия Стонкусты Шахтинск қаласының бір тұрғыны ұрып өлтірген, тағы екеуі оның денесін жасыруға көмектескен деп айыпталып жатыр.
Автор: Саят Сабдалы
11.01.2018
Былтыр қазан айында Ақтас кентіндегі такси фирмасында жұмыс істейтін Юлия Стонкусқа іздеу жарияланған. Бірнеше күннен соң әйелдің денесі қала маңындағы саяжайға барар жолдағы құдықтан табылды. Ал күдікті ретінде сол күні Шахтинскінің таксиге тапсырыс берген 35 жастағы тұрғыны ұсталды. Ақтастан саяжайға барар жолда ол мінген такси бұзылған екен. Діттеген жерге жете алмаған ол жүргізушімен сөзге келіп, ақыры Юлияны кірпішпен ұрып өлтірген. Кейін саяжайдан екі жолдасын шақырып, олар марқұмның денесін жасыруға көмектесіпті. Күдіктінің өзі бұған дейін адам тонағаны үшін сотталып, шартты мерзіммен бостандықта жүрген көрінеді. Ал Юлия Стонкустың артында 2 жастағы ұлы қалды.
Зигмас Стонкус, марқұмның әкесі:
-Немерем анасына ұқсайтын адамды көрсе болды, артынан жүгіреді. Кішкентай ғой, түсіне бермейді. Сағынады. Қызымды өлтірген айуанға сот әділ жазасын берсе деймін. Ал қалған екеуі қылмысты жасыруға келіскендері үшін бастары бәлеге қалып отыр. Оларға да обал жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!