{metadescription}
Алматыда Ұлттық университеттің ұстаздары жатақханадан қуылғалы жатыр
Алматыда Ұлттық университеттің ұстаздары жатақханадан қуылғалы жатыр

Алматыда Ұлттық университеттің ұстаздары жатақханадан қуылғалы жатыр

Алматыдағы аграрлық оқу орнының қызметкерлері 20 жылдан бері тұрып жатқан жатақханадан қуылулары мүмкін. Айтуларынша, өткен жылы бөлмені жалға беру ақысы бірден 4 есеге көтерілгенде, қарсылық танытамыз деп бастары бәлеге қалған. Содан бері басшылық оларға әбден өшігіп, сотқа беріпті. Университетке 20-25 жылдап еңбегі сіңген оқытушылар енді биліктен араша сұрауда.

Әбден ескірген жатақханада аграрлық университеттің қызметкерлері тұрады. Еден жуушыдан бастап білдей профессорға дейін 20 жылдан бері осында. Ал, енді бір сәтте қаңғыбасқа айналатын түрлері бар. Өйткені, өз қызметкерлерін сотқа берген университет бірнеше күн бұрын жеңіп шыққан. Сол шешім шыққалы мына тұрғындар күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалыпты.

Гүлназ Тұрсынбай, ҚазҰАУ қызметкері:

- Мен қайда барарымды білмеймін. Міне, көріп тұрсыздар, қыс көзі қырауда, құндақтаулы баламен.

Бұл дау 2 жыл бұрын бөлмені жалға беру ақысы қымбаттағанда басталған. Төлемнің бірден 4 есеге көтерілуі жатақханадағы бүкіл жұрттың ашуын туғызыпты. Сөйтіп, айқай-шумен белгіленген 105 мыңды 67 мыңға түсіртеді. Бұған көнгендері қазір тып-тыныш өмір сүруде. Ал, қуғын-сүргінге ұшырап жатқан  жаңа тариф бойынша төлеуден бас тартқандары көрінеді. Десе де, университет басшылығы бастапқыда бұлардың бүкіл айлығын еріксіз ұстап қалып отырған. Сөйтіп, ұстаздар амалсыз сотқа шағымданыпты.

Гүлмира Қасенова, ҚазҰАУ профессоры:

- Алғашқыда біздің жалақыдан  ұстап тұрды. Одан кейін біз сотқа жүгінгеннен кейін, төленген ақшамыздың бәрін қайтадан қайтарып берді.

Тек заң алдында да тарифті төмендете алмаған. Сөйтіп, керісінше, университет басшылығы  бұларды сотқа береді. Мұның өзі заңсыздық дейді ашынған оқытушылар. Айтуларынша, білім ордасының ректоры жатақханаға өз меншігі секілді қарап отыр. Тіпті, нысанды бизнеске айналдырған деп айыптады. 

Толқын Бекбаева, ҚазҰАУ  профессоры:

 - Бұл жердің иесі мемлекет. Аграрлық университет бізден арендалық шарт жасауға қақы жоқ.  Тіпті олар шағым хат бере алмайды, шығару жөнінде. Өйткені иесі емес.

Десе де, шешім бойынша, ұстаздар бөлмелерін тез арада босатулары керек. Әрі бастарына миллиондап қарыз ілініпті. Аграрлық университет кезінде баспананы олардың әлеуметтік жағдайына байланысты берген. Бірақ, бұл жақсылықтың уақыты шегіне жетіпті.  

Алмат Исәділ, ҚазҰАУ баспасөз қызметінің жетекшісі:

- 2017 жылдың бірінші қыркүйегінде олардың жалға алу келісімшарты аяқталған. Жалға беретін ақшалары төленбегендіктен, сосын университет сотқа жүгінуге тура келді. Оның үстіне көптеген студенттерге жатақханалар жетіспей жатыр.

Осылайша, студенттерге арналған жатақханаға енді шынымен студенттерді тұрғызбақ.

- Ал, қуғынға ұшыраған ұстаздар оңайлықпен берілмек емес. Жатақхананы босату ойларында да жоқ. Сондықтан, апелляциялық сотқа жүгінбек. Әрі жалға беру ақысын да төмендету үшін соңына дейін күресеміз деп отыр. Тіпті, хатқа жазған өкпе-реніштерін билік өкілдеріне жолдамақ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

01 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде