Алматы әуежайында болған оқыс жағдайға қатысты дау өрши түсті
Бүгін «Эйр Астана» Инвестиция және даму министрілігі жүргізген сараптама қорытындысымен келіспейтінін айтса, Әуежай басшылығы әуекомпанияға соңғы ескерту жасады. Сонымен жүзден астам адамды жолынан қалдырып қана қоймай, олардың өміріне қауіп төндірген Алматы әуежайындағы ұшақтың жолақтан шығып кетуіне кім жауап бермек?
Автор: Асыл Махмет
11.01.2018
Алматыдан-Банкокқа 128 жолаушыны жеткізуі тиіс Эйр-Астана ұшағының әуежайдан шықпай жатып оқыс жағдайға тап болғанына бір айдан асты. Тоғызыншы желтоқсанда Бойнг ұшып қону жолағынан сырғып өтіп, қоршауды бұзып батпаққа бір-ақ қадалған еді. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Инвестиция және даму министрлігі құрған арнайы комиссия сараптама жасап, күні кеше қорытындысын шығарды. Онда айдың күннің аманында апат жасап жүрген экипаж командирі делінген. Ұшқыш жылдамдықты шамадан тыс асырып, бұрылыста тоқтай алмаған. Бірақ бұнымен «Эйр Астана» келіспейді.
Тілек Әбдірахимов, «Эйр Астана» әуе компаниясының өкілі:
-Эйр Астана әуе компаниясы арнай комиссияның шығарған қорытындысымен келіспейді. Себебі ИКАО Конвенциясының 13-қосымшасына сәйкес, ұшу-қону жолағындағы мәселені зерттеу кезінде арнайы комиссияға, ереже бойынша оқыс жағдай болған елдің өкілдері, сондай-ақ ұшақ құрастырылған және тіркелген мемлекеттің мамандары қатысу керек. Ол талаптар сақталмаған.
Осы жағдайдан кейін экипаж командирі демалысқа кеткен. Ал екінші ұшқыш жұмысын істеп жатыр. Бес сағат арпалысып әрең дегенде батпақтан шығарып алған бойнг та жолаушылыларға қызмет көрсетуде. «Эйр-Астана» ешкімге ешқандай шара қолданған жоқ. Қолданбаймыз да дейді. Себебі олар апатқа кінәлі біз емес, жолақты мұздан тазартпаған әуежайды жауапқа тарту керек дегендерінен танбай отыр. Алматы әуежайы болса енді Эйр-Астананы сотқа сүйремек.
Серік Мұхтыбаев, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ вице-президенті:
- Мында бәрі обьектівті түрде көрсетілген. Ұшақтың жүру схемасы да тұр. Ауа-райы да ескерілген. Арнайы комиссия шешім шығарды. Бәрі дұрыс. 50 мен жүретін жерде жүзбен жүрген. Жолдан шықпағанда қайтеді. Ал бізге жала жауып отырған Эйр Астанаға соңғы ескерту жасаймыз. Кешірім сұрамаса, жалған ақпарат үшін сотқа береміз.
Әуежай басшылығы тіпті бұл жағдайда ұшқыштың үстінен қылмыстық іс қозғау керек. Себебі базалық әуежайда командирдің қателік жасауы кешірілмейтін жағдай дейді. Оның үстіне жолаушылардың өміріне қауіп төнген. Елдің дүрліктірген бұл оқиға нақты кімнің кінәлі екеніне енді құзырлы орган нүкте қояды. Үйткені «Эйр Астана» арнайы комиссияның шешіміне қатысты Бас прокуратураға шағым жазып жатса, Алматы әуежайы қара күйе жаққаны үшін әуе компаниясының сотқа бермекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!