{metadescription}
Астанада дүлей боран кезінде талға жармасқан қыздарға көмек бермегендер сынның астында қалды
Астанада дүлей боран кезінде талға жармасқан қыздарға көмек бермегендер сынның астында қалды

Астанада дүлей боран кезінде талға жармасқан қыздарға көмек бермегендер сынның астында қалды

Бүгін Әсет Исекешев астаналықтарды үйден шықпауға кеңес берді. Елорда әкімі тіпті қалада төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды. Исекешевтың тұрғындар үшін алаңдауына негіз бар. Астана аяқ асты ақтүтек боранның астында қалып, ұйытқып соққан қар аралас жел Елорданың тіршілігін тұтас тұралатып тастады. Әуеде, жерде де, қатынас үзілді. Мыңдаған адам жолынан қалып, апат саны да еселеп артқан. Жел тіпті мешіт, көпқабатты тұрғын үй мен сауда орталығы, мектептердің шатырын жұлып әкетті.

Астанада бұрын-соңды үлкендер де үйден шықпасын деген  хабарландыру болған емес. Жел соғып, ауа-райы құбылғанда мектеп оқушылары ғана сабақтан қалатын. Бүгінгі боран қала әкімінің өзін сескендіріп тастады. Әсет Исекешев құтқару қызметінен өзгелерің жұмысты уақытша тоқтатыңдар деп, қалада төтенше жағдай жариялады.

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:

-Мемлекеттік мекемелердің, қаладағы білім ошақтарының, базар, сауда ойын-сауық орындарының басшыларына және құрылыс жүріп жатқан нысандардың қожайындарына уақытша  жұмысты тоқтатуға  кеңес береміз. Тек полиция, өрт сөндіру, төтенше жағдайлар қызметі, жедел медециналық жәрдем мен аурухана, емханалар қызметін жалғастырады.

Әкімнің «үйден шықпаңдар» деп шырылдауына негіз бар. Елордада желдің күштілігі соншалық, айналада түк көрінбейді. Қолайсыз ауа райынан тұрғындар таңертеңнен діттеген жеріне жете алмай, әбден әбігерге түсті. 

Мәселен, жел ұшырып әкете жаздаған мына екі қыз талға жармасып әрең тұр. Ал оларға көмектесудің орнына жігіттер көлігінде отырып ұялы телефонына  түсіріп мәз. Бұл жәйтке ызаланған астаналық шенеуніктер жүргізушілерге жолда қалған адамдарды машинасына отырғызып, қолұшын беруге шақырды.

Ал мынау қаладағы орта мектептердің бірі. Оқу орнының да шатыры желге шыдамай, қираған. Жалпы, долы жел ештеңені аямады. Жол бойындағы баннерлерден бастап, ағашты, қала ішіндегі әдемілік үшін қойылған темір қораптарды қиратып кетті. Көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры да шетінен жұлынып қалды. Тіпті, мешіттің күмбезі тесіліп, жұлма-жұлмасы шыққан. Аграрлық университеттің ғимаратының төбесінен де түк қалмаған, шатыры жан-жақта шашылып жатыр.

Боран болса, жолдағы қозғалыс та қиындайды. Шаһарда таңнан бері  ұзын-сонар көлік кептелісі. Адам түгілі машиналар қалың қарға батып, шыға алмай тұр. Сондықтан, сақшылар жүргізушілерге барынша жол ережесін сақтап, абай  болуға шақырады. Бір тәулікте жүзге жуық апат болды. Полицейлер Астанадан ешбір машинаны сыртқа шығармай отыр.  Ішкі істер министрі қажет болса, қосымша күш пайдалануға дайынбыз деді.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

-Қазір Астанадан барлық бағытқа жол жабық, қаладан көліктің  шығуына  тыйым салынды. Ақмола, Қарағанды, Павлодар мен Қызылорда облыстарына  да жол жабық. Трассаларды  полицейлер  бақылап тұр. Сақшылар  құтқарушылармен бірге адамдарға, жолды тазартуға көмектесіп жатыр.

Абырой болғанда, әзірге адам шығыны жоқ. Тек таңертең  үлкендерсіз үйден мектепке шығып кеткен 8 жастағы бала жоғалып кеткен еді. Бірақ, оқушы көп ұзамай тұрғындардың көмегімен табылды. Мектептерде қазір сабақ тоқтатылды және жоғары оқу орындарының 1-2 курс студенттері үшін де демалыс. Тек қалалық коммуналдық қызметке тәулік бойы дамыл жоқ.

Алтын Нұржумина, «Астана тазалық» ЖШС өкілі: 

- Далада 2 мың техниа жүр.  35 мың текше метр  қар шығарылды.  2 мың жұмысшы қаланы толық тазалап жатыр.

Ақтүтек боранға байланысты Астанадағы халықаралық әуежай да жабық. Бүгін ұшақтар көкке көтерілмеді. Рейстер кейінге қалдырылған.

Және бірнеше ауданда жарық сөніп қалған. Табиғат бүгін-ертең райынан қайтпайтын сынды. Синоптиктер алда әлі аяз болады деп отыр.

Мөлдір Есқалиева, «Қазгидромет» РМК  синоптигі:

-Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында желдің жылдамдығы 18-23, кей жерлерде 30 метр секундқа жетіп отыр. Осы тұрақсыз ауа райы күндіз 11-қаңтар және түнде 12 жаңтарда сақталады. 12 қаңтардан бастап күндіз тұрақталады. Ауа температурасының біршама төмендеуі байқалады.

-Мамандардың айтуынша, ертең Астанада жел басылады. Бірақ, ауа температурасы күрт төмендеп, Елордада 30 градусқа дейін аяз болады. Батыс өңірлерде  де қыс қаһарына мінеді. Ал оңтүстікте жауын-шашын мен көктайғақ. Яғни, табиғат тұрғындарды әлі бірнеше күн әбігерге салмақ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде