Ақтүтек боран Павлодар өңірінің тұрғындарын да есеңгіретіп тастады
Қатты желдің кесірінен аймақтағы 75 елді мекен жарықсыз қалған. Боран бір тәулік ішінде жалпы аумағы 2200 шаршы метр шатырды әкеткен. Құтқарышулар мен коммуналдық шаруашылық қызметі күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде.
Автор: Әйгерім Шакаманова
12.01.2018
-Кереку өңірінде қолайсыз ауа райының зардабы қаншалықты болып жатыр?
Кешеден бері құтқарушылардың ескерту беруіне қарамастан бір тәулікте алыс сапарға шығып, жолда қалған 200-ден аса адам құтқарылған. Қайта зардап шеккендер жоқ. Секундына 30 метр жылдамдықпен соққан желге өңірдегі мектеп, аурухана мен тұрғын үйлердің шатырлары да шыдас бермеген. Ақтүтек боран шаһар тұрғындарын да біраз әбігерге салды. Жел мемлекеттік рәміздер алаңындағы туды ұшырып әкете жаздады. Жалауды орнына алдыруға мәжбүр болған атқамінерлер оны енді күн ашылған кезде қайта ілеміз деп отыр. Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты бүгін бірінші ауысымда оқитын сыныптар үшін сабақ тоқтатылды. Ал қатты желдің есірінен жарықсыз қалған Ертіс, Қашыр, Ақтоғай аудандарындағы ондаған елді мекенде қазір жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ерлан Қасымов, Павлодар облысы ТЖД азаматтық қорғаныс бөлімінің қызметкері:
-Қазіргі уақытта облыс аумағында жағдай тұрақталды. Кешегі болған боранның салдары мен зардаптары қазір жойылып жатыр. Облыс аумағы бойынша 75 тұрғын пункте кеше жарық апатты түрде сөніп қалған болатын. Қазір олар бойынша апаттық қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Кеше облыстық және республикалық маңызы бар жолдар уақытша жабылғанымен қазір олар ашылған. Бір ғана Шідерті-Астана бағыты әлі де жабық тұр. Жағдай едәуір тұрақталғанымен құтқарушылар жұртқа әлі де алыс сапарға шықпауға кеңес берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!