Шымкентте өздігінен отырып тұра алмайтын балалар алғашқы қадамдарын жасауға мүмкіндік алды
Оларға арнап оңалту орталықтарының бірінде роботтандырылған қондырғы орнатылды. Бас киімдерін аспанға атып, бірнеше сеанста аяқтарына тұрады деген дәрігерлер науқас балалардың ата-аналарынан сүйінші сұрап жатыр.
Автор: Бек Әбиев
12.01.2018
Тумысынан церебральді сал ауруына шалдыққан Арай 9 жасында алғашқы қадамдарын жасай бастады. Әзірге өздігінен емес, әрине, роботтың сүйемелдеуімен қадам басуда. Бірақ өмір бойы жамбастап жатқан жеткіншекке бұл да үлкен қуаныш. Қызының алғашқы қадамдарына, әсіресе, анасы мәз.
Мақпал Қараева, Арайдың анасы:
-Бұл апаратты біздің қалаға әкелгеніне өте қуаныштымыз. Өйткені, бұл апарат үшін біз Астанаға баратынбыз. Қазір, өзіміздің ОҚО Шымкент қаласындағы оңалту орталығында ашылып жатыр. Бұл аппаратқа балам мінгеннен өзгерістер бар. Мойнын жақсы ұстайтын болды. Іс-қимылдары жөнделе бастады.
Роботтандырылған апаратты оңалту орталығына 73 миллион теңгеге алдырған екен. Енді бір мезет дамылдамайтын құрылғы күніге 10-12 науқас балаға көмек көрсетуде. Осыған дейін балаға жәй ғана отырудың өзін үйретуге бірнеше жыл кетіп, қанша тер төгу керек болса, енді бұл – роботтың тірлігі. Оның үстіне автоматтандырылған механизмнің арқасында бұл процесс әлдеқайда тезірек өтеді екен.
Мәриям Байжұматова, ОҚо №3 оңалту орталығы бас дәрігерінің орынбасары:
-Медицинада бұлшық еті жаяды. 400 әрекет жасағаннан кейін бұлшық еттерді жаңағы қимыл қалай болатыны жадысы қалады. Роботтандырылған артездер бар, роботтандырылған артездермен бала Бірінші мақсат баланы вертикализатор, тік тұрғызып үйрету. Аяғын толық басқызу, табанын. Кейін жүрісті жүруді үйрету.
Қазір жаңа орталықта алғашқы 4 және 18 жас аралығындағы 100 бала оңалту курстарынан өтуде. Шымкенттегі мекемеге келіп, емделгісі келетіндер де түрлі өңірлерден хатты қарша боратып жатыр екен. Мұнда жаттықтырушы роботтан өзге науқастардың аналарымен жұмыс істейтін мамандар да бар. Олар науқас бүлдіршінмен қалай және қанша жаттығу қажеттігін үйретеді. Жалпы, күнгейдің өзінде балалардың церебральді сал аурына шалдыққандардың саны 2 жарым мыңнан асады екен. Оңалту орталығында әр баланың емделу курсы 18 күнді құрайды. Бірақ тумысынан науқасты емдеу бір сәтке де тоқтамауы керек. Сондықтан бұл орталықта аналарға арналған тегін мектеп те ашылған екен. Әйелдер мұнда науқас ұл-қызына дұрыс ем қабылдаудан бастап, емдік массажға дейін үйренеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!