Қызылорда облысына дүлей жел бір отбасыны табыс көзінен айырды
Ал Қызылорда облысында кенеттен тұрған қатты жел Тасбөгет кентіндегі екі қабатты үйдің шатырын жұлып әкетті. Салдарынан денесіне қаңылтыр кесіндісі тиген 24 жастағы жігіт қазір ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның аяғына ота жасапты. Бұл жағдайдан сол маңда тұрған автобусқа да зақым келген екен. Енді оның иесі шығынды кімнен дауларын білмей отыр.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
12.01.2018
Оқиға кешкісін болған. Заматта соққан алай-дүлей желдің салдарынан мына үйдің төбесі ұшып кетіпті. Қаңылтырдың алып сынығы сол маңда тұрған автобустың үстіне құлаған. Көліктің жанында жүрген үш жігіттің екеуі қашып үлгергенімен, біреуінің жолы болмады. Күл-талқаны шыққан автобус иесі осы темір тұлпарының арқасында отбасын асырап отыр екен. Енді ол да шығынын кімнен дауларын білмей дал.
Тұрсынгүл Пермұханбетова, автобус иесі:
-Әкімдер сол күні келіп көрді. Істеп береміз деп алдап кетті. Сақтандыруың жоқ деді, әйтеуір көп сылтау айтты. Ол бар болса да істемейді ғой.
Тұрсынгүл де – осы үй тұрғындарының бірі. Ал оқиға орнына жеткен төтенше жағдай қызметкерлері сол маңды қоршап, үйдің айналасын шатыр қалдықтарынан тазартты. Он отбасы паналап отырған бұл баспанаға 4 жыл бұрын күрделі жөндеу жүргізілген. Сол жолы ғимараттың жабындысы да толығымын жаңартылыпты. Енді төбесі тесілген тұрғындар жауын-шашын болмаса екен деп, күнде аспанға қарап дұға тілеп отыр. Алайда төтенше жағдай қызметі мамандарының болжамынша, бүгін ертең ауа райының тынышталатын түрі жоқ.
Айгүл Нұрманова, Қызылорда облыстық ТЖД бас маманы:
-Кешеден бастап Қызылорда-Жезқазған , яғни Қызылорда-Павлодар-Успенка тас жолы барлық автокөлік түрлері үшін қазіргі уақытта жабық. Жолға шыққанда осы Қызылорда облысы тұрғындарына, қонақтарына барлықтарына айтарымыз, жолға шығарда барынша қауіпсіздік ережелерін, талаптарын сақтап шығуларыңызды, соныман бірге, мүмкіндік болса ауа райына қарап ауа райына жағдайына қарап шығуларыңызды сұраймыз.
Ал оқыс оқиғадан жапа шеккен жігіт қазір қалалық ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның аяғына ота жасапты.
Қадырбек Әліпов, дәрігер:
-Келіп тексеру барысында тізе тобығының жабық сынған сынығы анықталды. Одан науқасқа жедел ота жасалып, қазіргі таңда жалпы жағдайы орта дәрежелі. Емін алуда, тұрақты жағдайы.
Шенеуніктер шатырсыз қалған ғимаратты қайта жөндеп береміз деп уәде еткен екен. Алайда бюджетте жекешелендірілген ғимараттарға қаржы қарастырылмаған. Сондықтан олар құрылыс жұмыстарына қаланың қалталы азаматтарынан көмек сұрамақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!