Павлодар облысында боранға байланысты дәрігерлер шала туылған сәбиді құтқара алмады
Боранды түні шала туған сәбиді дәрігерлер Ертіс ауданынан Павлодарға жеткізе алмады. Жолдар түнімен жабық болған. Ақыры салмағы 1600 грамм сәби шетінеп кетті. Ал облыстық және республикалық маңызы бар жолдар қазір ғана ашылған. Бір ғана Шідерті-Астана бағыты әлі де жабық тұр.Қатты желдің кесірінен аймақтағы 75 елді мекен жарықсыз қалған. Боран бір тәулік ішінде жалпы аумағы 2200 шаршы метр шатырды жұлып әкеткен.
Автор: Әйгерім Шакаманова
12.01.2018
Құтқарушылардың ескерту беруіне қарамастан алыс сапарға шығып, жолда қалған 200-ден аса адам құтқарылды. Қайта зардап шеккендер жоқ. Секундына 30 метр жылдамдықпен соққан желге өңірдегі мектеп, аурухана мен тұрғын үйлердің шатырлары да шыдас бермеген. Ақтүтек боран шаһар тұрғындарын да біраз әбігерге салды. Жел мемлекеттік рәміздер алаңындағы туды ұшырып әкете жаздады. Жалауды орнынан алдыруға мәжбүр болған атқамінерлер оны енді күн ашылған кезде қайта ілеміз деп отыр. Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты бірінші ауысымда оқитын сыныптар үшін сабақ тоқтатылды. Ал қатты желдің кесірінен жарықсыз қалған Ертіс, Қашыр, Ақтоғай аудандарындағы ондаған елді мекенде қазір жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ерлан Қасымов, Павлодар облысы ТЖД азаматтық қорғаныс бөлімінің қызметкері:
-Қазіргі уақытта облыс аумағында жағдай тұрақталды. Облыс аумағы бойынша 75 тұрғын пункте кеше жарық апатты түрде сөніп қалған болатын. Қазір олар бойынша апаттық қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!