Алматыда тұрғын үйлердің бірінде газ жарылып, бір адам күйіп қалды
Бүгін таңертең Алматыдағы көпқабатты үйлердің бірінде газ жарылды. Оның арты өртке ұласып, бір адам қатты күйіп қалған. Ресми мәлімет бойынша, төтенше жағдай газ бен ауа қоспаларының араласуынан болыпты. Сол дүмпуден көрші пәтерлердің есіктері жұлынып, терезелері сынған. Ал, жарылысты сезініп, төбе шашы тік тұрған тұрғындар әлі естерін жия алмай жүр. Қазір құтқарушылар апаттың нақты себебін анықтауға кірісті.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
15.01.2018
Төтенше жағдай таңертең мына көпқабатты үйдің тұрғындарын аяқтан тік тұрғызды. Қатты дүмпуді сезінген жұрт іле-шала далаға ағылыпты. Әйтеуір, жарылыс өртке ұласпай тұрып, бәрі қауіпсіз жерге шығып үлгерген.
Десе де, зардап шеккен адам бар. Белгілі болғандай, жарылыс екінші қабаттағы пәтерде болған. Соны жалдап тұрған 41 жастағы ер адамның денесінің жартысы күйіп қалыпты. Әрі жарылыс қуаты оны бірнеше метрге ұшырып жіберген.
Ләзиза Сейдімбек, Алматы қаласының тұрғыны:
- Сол моментте айқайлаған ер адамның даусы шықты. Қатты бір өксік айқайлаған дауыс шықты. Астыға қарай келсек, жаңағы ер азамат, арықтау келген, лестницада, басы төмен қарап жатыр. Бір аяқ киімі басқа жақта. Денесі жалаңаш. Үсті күйіп қалған.
Қазір ер адам ауруханада жатыр. Жарылысты сезінген көрші-көлем де әлі есін жия алар емес. Олар бастапқыда дүмпуді жер сілкінісі деп ойлап қалғандарын айтады.
Ләзиза Сейдімбек, Алматы қаласының тұрғыны:
- Біз осылай жерге жатамыз. Өстіп, бізді көтеріп, бір 15-20 сантиметрге дейін көтеріп лақтырды да. Газдың даусы енді бір гранатаның даусындай естілді. Шынын айтқанда. Елестете алмаймыз, әлі де қорқынышымыз әлі тұр.
Жарылыстың күшті болғаны сонша, одан көрші пәтерлердің есіктері жұлынып кеткен. Тіпті, жоғарғы және төменгі қабаттағы терезелерге дейін қирандыға айналыпты.
Дереу жеткен құтқарушылар өрттің өзге пәтерлерге ұласуының алдын алған. Сонда да, бәрінің іші қап-қара күйе. Ыстың иісі де әлі кетер емес. Әрі қабырғаларында жарықтар пайда болыпты.
Розагүл Мұстахимова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Біздің мына есіктеріміз, содан кейін мына жақтың бәрі күйген. Одан ана спальныйдың тең жартысы трещина.
Ресми мәлімет бойынша, төтенше жағдай газ бен ауа қоспаларының араласуынан шығыпты. Оған көгілдір отын құрылғысының дұрыс орнатылмауы себеп болған деген де болжамдар айтылуда.
Сандуғаш Баймұхамбетова, Алматы қаласы ТЖД ресми өкілі:
- Газ бен ауаның қысымы жарылып, сол жерде екінші қабатта орналасқан пәтердің жануы тіркелген еді. Оттың аумағы 12 шаршы метрді құрап отыр. Қазіргі таңда неден болуы, себептері анықталуда.
Яғни, оқыс оқиға болған үйде өрт сөндірушілер әлі де жұмыс істеуде. Айта кетсек, мұндай жағдай Алматыда биылдыққа бірінші рет тіркеліп отыр. Ал, өткен жылы қалада осындай 2 жарылыс орын алған еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!