{metadescription}
СҚО-да екі адам үсік шалып, қаза тапты
СҚО-да екі адам үсік шалып, қаза тапты

СҚО-да екі адам үсік шалып, қаза тапты

Солтүстік Қазақстанда екі адам үсік шалып, қаза тапты. Жалпы елімізде ақтүтек боран сарышұнақ аязға ұласты. Әсіресе, солтүстік пен шығыста қыс қаһарына мініп отыр. Қазір бұл өңірлерде ауа температурасы 27-30 градусқа дейін төмендеп, мектептерде сабақ тоқтатылды. Құзырлы орындар қазір Павлодар мен  Семейден шығатын жолдардың бәрін жауып тастаған.

Солтүстік Қазақстанды бірнеше күн бойы қытымыр аяз қыспаққа алып тұр. Осы демалыс күндері облыста болған төтенше жағдайлар сала мамандарын аяқтарынан тік тұрғызды. Өңірде дамылсыз жағылған пештердің  кесірінен үйлердің өртенуі жиіледі. Ал екі әйелдің үсік шалған денелері даладан табылды.

Нұрлан Атығаев, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

-  Жамбыл ауданы Святодуховка ауылында  44 жастағы әйелдің үсік шалған денесі көшеден табылды. Мәйіт түні бойы далада  жатып қалған екен. Ал Тайынша ауданы Летовочное ауылында 65 жастағы әйел үйінен шығып кетіп, адасып қалған.  Оның да үсіп қалған денесі ауылдан екі шақырым жерден табылды.

Еліміздің шығысы да сарышұнақ аяздың қыспағында. Бүгін Шығыс Қазақстан облысының  Зырян, Көкпекті, Бородулиха аудандарында сынап бағанасы -36 градусты көрсетіп тұр. Соның салдарынан, мұндағы мектептерде түгел сабақ тоқтатылды. Семейдің бастауыш сыныпта оқитын балалары да бүгін үйлерінде отыр. Ал, «Қазгидрометке» сілтеме жасаған төтенше қызмет өкілдері ауа райының әлі де төмендеуі мүмкін екенін алға тартуда.

Думан Икенов, Семей қаласы ТЖБ қызметкері:

-Осы жұма бойы Шығыс Қазақстан облысында «Қазгидрометтің» мәліметіне сүйенсек, күндізгі уақытта 12-15 градус ал, түнгі уақытта 25 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

Астанада да өткен аптадағы алай -дүлей қарлы боран өзімен бірге   суық циклон әкелсе керек, бүгін таңертең Елордада 27 градус  аяз болды. Соның салдарынан мұнда да бастауыш сынып оқушылары үшін сабақ тоқтатылды. 

«Қазгидромет» мамандарының болжамы бойынша , алдағы үш күнде еліміздің оңтүстігінде де күн күрт суиды.

Әсем Алдажарова, синоптик:

-Күшті және суық антициклон республиканың батыс жартысына әсерін тигізіп, ауа температурасы төмендеді.  Бірақ еліміздің оңтүстік және шығыс аудандары әлі де суық атмосфералық фронттарының ықпалында болады. Сондықтан алдағы күндері бұл жерлерде қар сақталады.

Елімізде биылғы қыстың алғашқы айы жылы болып, жұрт арқаларын  кеңге салған еді, оның есесін қаңтар айы қайтарып  жатқан сыңайлы.  Қыс  ортасынан әлі аумаса да , жер-жерлерде аяз бен өзге де  төтенше жағдайлардан көз жұмғандар саны былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда артып отыр.  

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде