Ақтөбелік дәрігерлер анасының кесерінен соқыр болып қалған балаға ем іздеп жатыр
Ақтөбелік дәрігерлер туған шешесінің кесерінен соқыр болып қалған балаға ем іздеп жатыр. Ол үшін еліміздегі көз ауруларын емдейтін түрлі институттарға өтініш жіберген. Бір жарым жастағы Сашаны мұндай жағдайға жеткізген анасы маскүнем екен. Ол жарты жыл бойы сәбидің жанарына жиналған былшықты сүртудің орнына, арақ ішіп қаңғып жүріпті. Сол қылығы үшін ата-ана құқығынан айрылды.
Автор: Жаңалық Ахаш
16.01.2018
Бұл бөбек тасбауыр ананың кесерінен көр соқырға айналған. Он екі мүшесі сау туылғанымен, жеті айлығында көзіне былшық жиналыпты. Қара шәйдің шәмбісімен жазылатын конъюнктивит дертін жұқтырған. Араққа салынған келіншек оған мүлдем мән бермейді. Тек сәбидің көз жанары мүлдем солғанда ғана тәртіп сақшылары тауып алып ауруханаға жатқызады.
Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
-Алғашқыда анасы баланың көзіне қауіпті сұйықтық құйған болар деп күдіктендік. Соған баланысты сараптама тағайындап, қылмыстық іс те қозғадық. Кейін белгілі болғандай, сәбидің ауруын асқындырып алған екен.
Қазір кішкентай Саша сәбилер үйінде тәрбиеленіп жатыр. Ондағы дәрігерлер көз жанарын қайта қалпына келтіруге ем іздеуде. Түрлі медициналық орталықтарға сұрау салыпты.
Қәдірбек Иманбаев, «Үміт» сәбилер үйінің бас дәрігері:
-Баланың қазір мүгедектікке құжаты дайындалуда. Қазіргі жағдайы жақсы. Көзінен басқа органдарында потология жоқ. Біздер ол баланы әрине асырап алуға шығарамыз. Сондықтан көзіне байланысты, көбінесе мүгедек балаларды асырап алуға халықтан болмайды.
Туған бөбегін мүгедек қылған Лиза Дәулеталина ата-ана құқығынан айрылған. Оның Сашадан бөлек тағы үш баласы бар. Оларды жақында жетімдер үйіне жібереді.
Зарина Жақыпова, Ақтөбе қалалық білім бөлімінің инспекторы:
-Лиза Елеусіновнаның осы баладан басқа тағы үш баласы бар. Балалар некесіз туылған. Сол себепті балалар Алға облыстық балалар үйіне орналастыруға құжаттар жинастырылуда.
Төрт баласын айдың-күннің аманында тірі жетім еткен келіншектің түзеле қоятына тәртіп сақшылары сенбейді. Сәбиін соқыр қалғанымен қоймай, арақ ішуін доғармаған Лиза Дәулеталина енді олармен кездесе де алмайтын сияқты. Себебі асырап алатын адам табылса комиссия соларға беріледі. Дегенмен, қазір ең бастысы Сашаның көзін емдету болып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!