Бангладешке қашқан рохинжалардың Мьянмаға оралуына екі жыл уақыт беріледі
Бангладешке қашқан рохинжалардың Мьянмаға оралуына екі жыл уақыт беріледі. Екі елдің делегациялары Мьянма астанасы Нейпьидода осындай келісімге келді.
Автор: Ербол Тұрымбет
16.01.2018
Нақтырақ айтқанда, босқындар өзінің Мьянма тұрғыны екенін дәлелдеу үшін толтыратын құжаттар жөнінде келісім жасалды. Репатриация қашан басталатыны әзірге белгісіз. Мьянма билігі қираған үйлері қайта қалпына келтірілгенше, оларға уақытша қоныс тауып беруді міндетіне алды. Уақытша қоныс дегені Ракхайн штатының солтүстігіндегі 30 мың адамға арналған қосын. Оның алғашқы 100 үйі осы қаңтар айының аяғына дейін салынып бітуі тиіс. Айта кетейік, атышулы оқиға өткен жылы тамыз айының аяғына қарай басталған болатын. Рохинжаларды құтқарамыз деген «Аракан әскері» 30 полиция бөлімшесіне шабуыл жасады. Осыдан кейін Мьянма күштік құрылымдары Ракхайн штатында ауқымды операция бастады. Соның салдарынан 414 мұсылман қаза тауып, 650 мыңы Бангладешке бас сауғалап қашқан еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!