Алматы облысында аудан әкіміне алданған жұрт мектепке зәру
Сөзде бар, істе жоқ! Алматы облысында білдей аудан әкімінің есебінде айтылған су жаңа мектепті тұрғындар 20 жылдан бері таппай жүр. Шенді кезінде «қолданысқа берілді» деген білім ордасының іргетасы әлі күнге дейін қаланбаған. Жергілікті баспасөзде де сүйіншісі сұралған нысаннан жұрт үміт үзбей келеді. Өйткені, тұтас бір ауылдың балалары 80 жыл бұрынғы ескі мектепте оқып жүр. Оларды бір күні құлаған қабырға басып қала ма деп қам жейді ата-ана.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
16.01.2018
Өтірігінің құны – бір мектеп. Қосағаш тұрғындары бұрынғы аудан әкімін осылай айыптайды. 20 жыл бұрын тындырған ісін жіпке тізгенде басшы осы ауылда жаңа мектеп салынып, тіпті, пайдалануға берілді деп, болмағанды болғандай жеткізіпті. Сүйінші жаңалықты жергілікті басылымдар да іліп әкетіп, жарыса жазған. Содан бері аудан әкімі талай рет өзгерді. Ал, құжатта бар оқу ордасы сол күйі жоқ.
Оразғали Өмірбеков, Қосағаш ауылының тұрғыны:
- Досымбетов Тынышпай деген Кербұлақ ауданының әкімі болған. 98-ші жылы біз енді өзінің аузынан шығарған сөзі: Қосағаш 98-ші жылы жаңа мектеп салып, халықтың игілігіне бердік деді.
Мектептің де сұрауы бар дескен мына тұрғындар сол оқу ордасын даулап жүр. Өйткені, бүкіл ауылдың оқушылары қабырғасы қақырап, едені тесілген ескі нысанда білім алуда. 80 жылдық тарихы бар мектеп апатты деп те танылған. Ата-аналар бауыр еті балалары үшін қам жейді. Қиранды астында қала ма деп қауіптенеді.
Оразғали Өмірбеков, Қосағаш ауылының тұрғыны:
- Әр комиссияның есігін ашқанымда мектеп саламыз, саламыз, саламыз дегеннен басқа күрделі шаруа, нәтижелі шаруа шығарған жоқ.
Мәселені майшаммен қарата ма деп мектеп басшысына үмітпен қарапты. Бірақ, сенген серкеміз теріс қылық танытты дейді тұрғындар.
Нұргүл Қасенова, Қосағаш ауылының тұрғыны:
- Директор мектепке қызып кеп отыр. Менің жанымда, онда бірінші рет көруім. Ойбай-ау мына кісі қызып апты ғой дедім. /03:55/ -Дискотекасы болады ғой енді жастардың. Әлгі жерде сондай бір образ көрсетті бұл кісі. 11 кластың қыздарымен анау құсап билеу деген енді, мен сізге көрсетейін, мынау жамбасты алып, ана қыздарды ұрып тұрып билеу деген...
Осылайша директордан үміт үзілген. Ал, жергілікті билік тұтқасын ұстағандар бірде-бір аудан әкімінің аузынан жаңа мектеп туралы сөз шыққан емес деп ат тонын ала қашты. Қате ақпарат таратқан газет-журналдар көрінеді.
Жақан Донаев, Көксу ауылдық округінің әкімі:
- Ондай мектеп жоқ. Ол енді может отпечатка. Анау кітапта кетуі мүмкін. Ондай мектеп салынды деп еш жерде айтылған да жоқ. Мүмкін жазылғанда жазылып кеткен шығар.
Жұрт балабақша мен мектепті шатастырған болуы да бек мүмкін дейді. Қосағаштықтардың ендігі сенері - құзырлы орындар. Бар мақсаттары – есепте айтылған нысанның қайда кеткенін анықтау. Ал, жаңа мектеп дауы шешілмейінше, оқушылар осында жандарын шүберекке түйіп отыра бермек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!