{metadescription}
Елімізде ақшаға диплом жасайтындар көбейген
Елімізде ақшаға диплом жасайтындар көбейген

Елімізде ақшаға диплом жасайтындар көбейген

Дипломның құны 250 мың теңге! Жылдап оқып алатын ресми құжатты Қазақстанда ақшаға жасап беретіндер көбейген. Жалған құжат жасағыштардың сайтында еліміздің маңдайалды деген жоғары оқу орындарының аты жүр. Заң бойынша оны жасаған, һәм пайдаланған адамға да қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бірақ, заң оларға жұмсақ болса керек, алаяқтар құпия қызметін жұртқа шімірікпестен жариялайтын болған. Ал алаяқтардың ісіне аты ілінген жоғары оқу орындары бәледен басын арашалап жатыр.

Мөрі басылған көк пен қызыл дипломның түр-түрі мына сайтта өріп жүр. Ресей, Украина, Беларусь, тіпті Еуроодақ елдеріне дейін бар. Қазақстан да қалыс қалмапты. Жоғары, арнаулы оқу орындарының дипломы мен мектептің аттестаты, тағы басқа сертификат қажет болса, мұндай сайттар тұрғанда бас қатырудың қажеті жоқ.

-Педагогика бойынша 250 мың теңге төлейсіз. Медицина бойынша да сол баға. Мұқабасы, ішіндегі бағалары бәрі дұрыс. Сіз алдын ала 15 мың теңге төлеп қоясыз.

Әлгі сайттар «сенбесеңіз, көріңіз!» дегендей, үлгі ретінде бірнеше дипломды көрсетіп қойған. Тек алдын ала төлемін жасап қойса болғаны. Алматыдағы мен, мен деген талай жоғары оқу орнының аты жазылып тұр. Алайда, білім мекемелері былықтан бастарын алып қашып жатыр. Айтуларынша, әлгілер шынымен де 4 жыл білім алып, бітіріп шыққан түлектердің құжатын пайдасына жаратпақ болған.

Диана Әбдірайымова, Алматы технологиялық университетінің тіркеу кеңсесінің басшысы:

-Біз сол бітірушіге звондап, анықтадық. Бітіруші 2017 жылы 1-шілде күні дипломын алып, суретке түсіріп, өзінің «статусына», «уатсапқа» салған. Сондықтан, алаяқтар скриншот жасап, өздерінің қажеттілігіне жұмсаған болып тұр.

Небір экономика білгірлерін тәрбиелеп шығарған «Нархоз» университеті де құйтұрқы сайттардың құрбанына айналыпты. Бірақ, алдыңғы жағдай мұнда да қайталанған. Оқуын таза тәмамдаған түлектің құжаты өтірік дипломдардың қатарынан бір-ақ шығыпты.

Эльмира Ыдырысова, «Нархоз» университетінің проректоры:

-Ол адам университетте оқыған, аяқтаған. Ал енді бұл туралы алаяқтардың істеп жатқан әрекеті туралы бұл адам білмейді. Ол диплом қалай олардың қолына түскенін де білмейді. Ол жәй ғана сурет. 

Бұл жағдай бүгінде көз үйренген көрініс екен. Өйткені, былтырдың өзінде «Нархоздың» түлегіміз деген 48 адамның дипломы жалған болып шыққан. Жалпы, қылмыстың бұл түріне 2-ден 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Алмас Сәдубаев, ҚР ІІМ-нің баспасөз хатшысы:

-Өткен жылы жалған құжаттарды дайындау мен пайдалануға қатысты 3808 қылмыстық іс тіркелді. Олардың 139-ы дипломдарға қатысты болды. Нәтижесінде 879 адам қылмыстық жауапқа тартылған.

Төрт жылдық білімнің куәлігін қу пайдаға жаратпақ болған сайт иелерінің тірлігі енді құқық қорғау органдарының шаруасы. Ал білім ордаларының басшылары мұндай бәлеге жоламауға кеңес береді. Өйткені, инемен құдық қазғандай бейнеттің сұрауы да бар екен. Мәселен, жұмысқа қабылдайтын жердің бәрі дипломның түпнұсқасын растау үшін оқу орнына сұрау салады. Мұндайда өтіріктің арты тез ашылады. Ал, оқу бітірген адамның тарихы университет мұрағатында кемі жарты ғасыр сақталады. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде