Ақтөбе облысында 52 адам тірідей жанып кеткен автобустағы өрттің себебі белгілі болды
Ақтөбе облысында 52 адам тірідей жанып кеткен автобустағы өрттің себебі белгілі болды. Ішкі істер министрлігі таратқан мәліметтерге қарағанда, от бензин құйылған жылытқыш құрылғыдан тұтанған. Оны тірі қалған жүргізуші мен жолаушылар растапты. Ал қаза тапқан 32 адамның аты-жөні белгілі болды. Қалғандарының есімін анықтаумен сарапшылар айналысып жатыр. Толығырақ сол өңірдегі тілшіміз Жаңалық Ахаш әңгімелейді.
Автор: Жаңалық Ахаш
19.01.2018
Ақтөбе облысында бір сәтте отқа оранған автобустың құр қаңқасы ғана қалған. Сарапшылар мен тергеушілер оқиға орнында өз жұмысын аяқтапты. Ал қаза тапқан 32 адамның есімі белгілі болды. Олардың барлығы ер азаматтар және Өзбекстанның Наманган облысының тұрғындары. Ең жасы 19-да, үлкені 41-де. Қалған жиырмасының кім екенін анықтау үшін ішкі істер министрлігі халықтан көмек сұрап отыр. Өзбекстаннан Ресейдің Қазан қаласына бет алған таныстары болса жедел хабарлау керек. Олардың дене тұрпаты мен тіпті тісіне дейін суреттеп берсе дегенді айтады. Ал сарапшылар алғашқы қортындыларын шығарған.
Назгүл Иманбаева, «Сот сараптама орталығы» РМҚК директорының орынбасары:
-Тергеу жүріп жатқан соң қорытындыны айта алмаймыз. Негізінен қаза болған адамдардың мүрдесі Ақтөбеге толық жеткізілді. Сарапшыларымыз түні бойы жұмыс істеді. Өзбекстандық әріптестер де осында. Өрттің шығу себебін анықтауға жергілікті орталықта барлық жағдай жасалған. Басқа өңірлерден мамандар шақырып әуреге түскен жоқпыз.
Автобустағы өртке қатысты сарапшылар тіс жармағанымен, тергеуді өз қолына алған ішкі істер министрлігі алғашқы мәліметтерін тартты. Онда оттың бензин құйылған жылытқыш құралынан тұтанғаны айтылған. Оны тірі қалған жүргізуші мен жолаушылар растапты.
Өрттің шығу себебін анықтауға көмектескен өзбекстандық қос жолаушы бүгін елдеріне қайтады. Оларды алып кетуге көрші елден жиырмаға жуық өкіл келген болатын. Топты Өзбекстанның төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Рустам Джураев бастап жүр. Тексерудің тез аяқталып, мәйіттерді жедел елдеріне жеткізуді қалайды. Бірақ есімі белгісіз жиырма адамның енді ДНК сараптамасын жасату керек. Бірақ онымен қай елдің мамандары айналысатыны белгісіз.
Тимур Рахимов, Өзбекстанның Қазақстандағы елшісінің кеңесшісі:
-Өзбекстан президентінің жарлығымен өкіметтік жұмыс тобы құрылып, төтенше жағдайлар жөніндегі министр осында жеткен еді. Себебі қайғылы оқиғаның себеп салдарын білу үшін. Тексеру жұмыстары шұғыл жүргізіліп жатыр. Қазақстан тарапының көмегімен қаза тапқандардың мәйіті мен зардап шеккендерді жеделдетіп елге жеткіземіз деп ойлаймын.
Мәйіттерді Өзбекстанға жеткізуді Ақтөбе билігі өз мойнына алыпты. бірақ сүйектерді қашан жөнелтетіні белгісіз. Сондай-ақ, автобусты тізгіндеп, өрттен аман қалған үш жүргізушінің жайы одан әрі не болары да түсініксіз болып отыр. Дегенмен, ішкі істер министрлігі бұған дейін жол ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстиық іс қозғаған еді. Дегенмен аман қалған үш отандасымыз ауруханада. Олардың палатасына күзет қойылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!