{metadescription}
Италияда аяқ астынан тінтуге тап болған қазақ биатлоншылары мән-жайды айтып берді
Италияда аяқ астынан тінтуге тап болған қазақ биатлоншылары мән-жайды айтып берді

Италияда аяқ астынан тінтуге тап болған қазақ биатлоншылары мән-жайды айтып берді

Тағы да допинг дауы! Италияға Әлем кубогына барған биатлоншыларымыз аяқ астынан тінтуге тап болды. Жарыстың басталуына санаулы сағаттардың қалғанына қарамастан, қонақ үйге сау етіп кірген бір топ полицей спортшыларымыздың киім-кешегіне дейін ақтарып, бөлмелерінің астан-кестенін шығарды. Бірақ, дәрі іздегендер түк таппады. Есесіне, құрама жаттықтырушыларының бірінің сол арада жүрегі ұстап, құлап қалды. Ал соңы қайғылы аяқтала жаздаған табанасты тексеріске Австрияның федералды полициясы себепші болған екен.

Таңсәріде өзін полицейлердің оятқанына қарамастан биатлоншы Галина Вишневская жүз спортшының ішінен алтыншы боп келіп, елдің абыройын тағы да асқақтатты. Ал қазақ спортшыларының атына күйе жақпақ болған тінту мына қонақ үйде болған. Таңғы жетіде сау ете қалған жиырма шақты полицей жер-көкті ақтарып, жеке заттарына дейін қол салған. Биатлоншыларын бұлайша басынғанына шыдамаса керек, ҚР Еңбегі сіңген бапкер  Рафаил Мирсалимовтың сол арада жүрек талмасы ұстап құлаған екен.   

Галина Вишневская, биатлоншы:

-Полиция таңғы 7-де келді. "Сіздерде допинг бар деген күдік бар, соны тексереміз", - деді. Жатын бөлмені, мініп жүрген көлікті бәрін ақтарды. Бірақ, түк таппады. Есесіне жаттықтырушымның жүрегі ұстап қалды. Дәрі беріп, әрең бетін бері қараттық.

Ал тінтуге Австрияның федералды полициясы түрткі болған екен. Былтырғы допинг дауы кезінде дәл осылайша даурығып, бірақ сол күйі ілік таба алмаған австриялықтар «анонимді хабарлама келіп түсті» деген желеумен биыл да биатлоншыларды күдікті деп тауыпты.

Манас Үсенов, Қазақстан биатлоншылар одағының бас хатшысы:

-Біздің ұлттық құраманың бас бапкері Валерий Николаевич Польховский олардан сұрады. Қазір сағат таңғы 6. 7-ге дейін спортшыларды оятпасаңыз деп. Өйткені, бізде жарыс қиын болады деп. Біздің ұлттық құқраманың бас дәрігерін тексерді. Бірақ, біздің дәрілерге ресми қағаздар бар. рұқсат бар. оларды тексерді. Допинг табылған жоқ.

Ақыры түк таппай қыз-жігіттерді жайына қалдыруға мәжбүр болды. Енді Қазақстан атын қараламақ болғандардың өздеріне қатысты тексеріс басталмақ.

Болған жайт, әсіресе, Қазақстан биатлоншылар одағының шымбайына батқан. Бірақ қалай дегенмен де мұндай тінтулерге көндігуімізге тура келеді екен.

Руслан Меделбек, спорт сарапшысы:

- Оны 8 жыл бойы тексеруге құқығы бар. Оны спортшылар да, бапкерлер де, біздің федерация да жақсы біледі. 8 жылдың ішінде кез келген уақытта, күн болсын, түн болсын, ұйықтап жатқан жерінен допингке тексеруге құқытары бар. 8 жылдың ішінде біздің спортшылар таза болсын деп тілейміз енді.

Ал оған дейін биатлоншыларымыздың көрген күні осы болмақ. Естеріңізге салсақ, былтыр дәл осы қаңтарда Әлем чемпионатына қатысып жатқан қазақ спортшыларын Австрия полицейі әбден тінтіген болатын. Тіпті, зәріне дейін сынама алған. Алайда, ол күдігі расталмай, ақ шыққан болатынбыз. Осылайша, алдағы олимпиададан Ресейді шететтіп тастаған халықаралық ұйым біздің спортшылардан да күдіктенуін қояр емес. Десе де, олардың сылтауына қарамастан, спортшыларымыздың сағы сынбасын деп тілейік!

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде