Қазақстанда тірідей жанып кеткен өзбек азаматтарының отбасына көмек көрсетіледі
Осы автобуста тірідей жанып кеткен елу екі адамның отбасына Өзбекстан президенті бір реттік жәрдемақы беруді бұйырды. Бұдан бөлек жергілікті халық жылу жинап жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
22.01.2018
Өзбекстандық белсенділердің айтуынша, қара жамылған отбасылардың көбісінің жағдайы жоқ. Қышлактарында жұмыс болмағандықтан ер азаматтары өзге елге нәпақы іздеп кетеді. Осылайша Ресейге аттанған елу екі азамат жарты жолда ажал құшқан еді. Қазір марқұмдардың отбасына халық жинаған жылу не бары 60 миллион сом, яғни екі жарым миллион теңгедей болған. Бұдан бөлек әр аудан әкімдігі жаназа шығаруға бір қой мен аймақ басшылығы қосымша ақша бөліпті. Дегенмен, автобуста тірідей жанып кеткендердің сүйектерін жақындарына әлі бермей жатыр. Себебі олардың есімдерін толық анықтап, ДНК сараптамасының қортындысын күту керек. Оқиға орнын тексеріп, мәйіттерді Ақтөбеден алып кеткен жұмыс тобының жетекшісі, өзбекстандық министр Рустам Джураев қиын кезде қол ұшын берген қазақ жұртына ризалығын білдірді.
Рустам Жураев. Өзбекстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі министрі:
-Осы оқыс оқиғаны жедел тексеруге жағдай жасалды. Барлық саланың мамандарын қазақстандық тарап жұмылдыра білді. Қаралы күнде қасымызда болып, қолдау білдірген Қазақстан басшылары мен үкімет өкілдеріне, еліне ризалығымды білдіремін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!