Петропавлда ондаған үйдің суы қатып, жұрттың шыдамын тауысты
Петропавлда күн сайын көпқабатты 20 шақты үйдің суы қатып, тұрғындарды әбігерге салуда.Теріскейде екі күн қатарынан тұрған үскірік аяз қаланы сумен қамтамасыз ететін кәсіпорын қызметкерлерін аяқтарынан тік тұрғызды. Мамандар бұны ауа райынан ғана емес, су өлшейтін қондырғылардан да көріп отыр.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
23.01.2018
Мына ауладағы үш үй түннен бері сусыз отыр. Таңертең тұрғалы бері не жуына алмай, не таңғы асымызды іше алмай қиналдық дейді тұрғындар. Әдетте судың болмайтыны туралы хабарландыру ілулі тұратын. Бұл жолы бәрі аяқ астынан орын алған.
Евгений Краснов, оқушы:
-Кешке ыстық су болмады. Таңға қарай суық су да жоғалды. Анашым дереу әкімдікке хабарласып еді, енді міне жұмысшылар келіп , аулада бірдеңе істеп жатыр. Мектепке бармаймыз күні бойы үйдеміз, сусыз қиын екен.
Кешеден бері шаһарды сумен қамтамасыз ететін кәсіпорынға қалалықтардан су жоқтығы туралы жүзге тарта шағым түседі екен. «Қызылжар су» серіктестігіне тиесілі алты апаттық бригаданың жұмысшылары күні-түні тынбай жұмыс істеуге көшкен.
Олег Николайчук, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Далада құбыр қатып қалды дейді. Мен бұл үйде 1995 жылдан бері тұрамын, бұрын-соңды мұндай жағдай болған емес. Даладағы құдықтардан ыдыспен су тасиын десем, көлігім де оталмай тұр. Енді не істерімізді білмей отырмыз.
Сарышұнақ аязда жер үйлердің тұрғындары да жетісіп отырған жоқ. Шағын көшелердің бойындағы 500-ден астам су ағардың күн сайын 20-30-ы қатып қалып, жұртты титықтатқан. Ал көпқабатты үйлердегі жағдайға қазір суды үнемдейтін тұрғындар кінәлі дейді мамандар.
Сергей Визеров, «Қызылжар су» ЖШС бас инженері:
-Құбырдағы су қозғалыссыз тұрса, тез қатады. Бұрын тұрғындардың көбінде су есептегіш құрал болмайтын. Олар шүмектен тамшылап тұрған суға мән бермейтін. Енді бәрі үнемдеуге көшкен. Құбыр бойымен су жүрмей, қатып қалып жатқаны да содан.
«Қызылжар су» серіктестігі мамандарының айтуынша, әдетте жертөлесі жоқ ескі үйлерге тартылған құбырлар жиі қатады екен. Соңғы жылдары оларды жылу құбырымен бірге тарту әдісі қолданылып жүргенімен, сырттағы температура жылу құбырындағыдан да асып түссе, бұл әдіс те көмектеспейтін көрінеді. Ондай кездерде тек аспанға қарап, күннің жылуын тілеуден басқа амал жоқ дейді мамандар. Синоптиктердің болжауынша, аяздың беті тек апта соңына қарай қайтатын көрінеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!