Сағынтаев құтқару қызметтерін тәулік бойы жұмыс істетпек
Елімізде қақаған аяз әлі басылар емес. Әсіресе, солтүстік, орталық пен шығыс Қазақстан облыстарындағы жағдай өте қиын. Мұнда сынап бағанасы - 45 градусқа дейін жетіп отыр.
Автор: Досжан Маратұлы
23.01.2018
Сондықтан аты аталған өңірлердің оқушылары үшін бүгін тағы сабақ тоқтатылды. Ал, Ақмола, Шығыс, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе мен Солтүстік Қазақстан облыстарында жолдар жабық. Мұнда бір тәулік ішінде қатты аяз бен боранның кесірінен трассада қалған 400-ге жуық азамат құтқарылған. Ал, синоптиктердің болжамы көңіл көншітпейді. Сондықтан премьер-министр бүгін құтқару қызметіне жұмысты күшейтіп, әкімдерге жылу қазандықтарын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар тұрғын үйлер, балабақша,аурухана мектеп сияқты әлеуметтік нысандардың жылусыз қалмауын ескертті. Одан қалды, саршұнақ аяз кезінде қызметкерлерді жұмыстан ертерек босатуды сұрады.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР премьер-министрі:
- 112 қызметі үзіліссіз жұмыс істеуі керек. ІІМ жолдардағы қозғалысты бақылап отыруы тиіс. Қажет болған жағдайда қозғалысты тоқтатып, xалыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізсін. Әкімдіктермен бірлесіп жылынатын жылжымалы бекеттер ұйымдастырып, жүргізушілер мен жолаушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуіміз керек. Барлық қызмет түрі жұмыла жұмыс істеуі тиіс. Мемлекеттік органдар мен жеке компанияларға айтарым: қызметкерлерді үйлеріне ертерек жіберіңіздер, мүмкіндігінше жеткізіп тастаңыздар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!