Амстердам соты бұғаттан шығарған 22 миллиард доллар елге қашан қайтарылады?
Ұлттық қордың ақшасы бұғаттан шығарылғанымен, қауіп сейілген жоқ. Нью-Йорк банкінде жатқан 22 миллиард долларға Амстердам соты шектеуді алғанымен, қыруар қаржы Қазақстанға бүгін-ертең қайтады деген сөз емес. Себебі ұлттық қордың ақшасын Бельгия соты да бұғаттаған болатын. Әділет министрлігі оған қарсы шағым түсіріп, әлі күнге әлектеніп жатыр. Осы жағдайдан кейін депутаттар да ақшаны елге қайтару мәселесін көтере бастады.
Автор: Ербол Тұрымбет
24.01.2018
Амстердам соты бұғаттан босату туралы шешім шығарғанымен, қомақты қаржы қолымызға тиді деген сөз емес. Өйткені, Ұлттық қордың ақшасы екі бірдей соттың шешімімен бұғатталған. Жағдайды осынша қиындатып жіберген молдовалық бизнесмендер Анатолий және Габриел Статилер болып отыр. Қазақстан Үкіметі мен әкелі-балалы бизнесмендер арасындағы сот осыдан он жыл бұрын басталған. Олар Маңғыстау облысында газ өңдейтін зауыт салуы тиіс болған. Алайда құрылысты уақытылы аяқтамапты.
Соңында шетелдік инвесторларға қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, олар қарсы арыз түсіріп 4 миллиард доллар талап еткен. 2013 жылы халықаралық арбитражды сот Анатолий Статидің пайдасына шешім шығарып, еліміз оның қалтасына жарты миллиард доллар салып беруі тиіс болған. Бірақ, үкімет онымен де келіспей, Лондон соты арқылы оның күшін жойды. Осы даудың кесірінен, Ұлттық қордың Нью-Йорк Меллон банкінде жатқан 22 миллиард 600 миллион доллары бұғатталған болатын. Өз ақшамызды өзімізге қол жетпес арман қылу үшін ол Голландиядан бөлек, Бельгия мен Люксембург сотына да шағымданған екен. Соның ішінде әзірге тек Нидерланды соты ғана оң шешім шығарып отыр.
-Нидерландының сот орындары Статидің бұл активтерді бұғаттау туралы өтінішін бұған дейін де қайтарып тастаған болатын. Стати бұл мәліметті жасырып, сотты шатастырған. Сот сонымен бірге, Статиге Қазақстан тарапына сот шығындарын өтеп беруді жүктеді.
ҚР Әділет министрлігі.
Одан бөлек, Бельгия соты да біздің ақшамызды бұғаттап тастапты. Енді Қазақстан үкіметі сол шешімнің күшін жою үшін қарсы шағым түсіріп күресіп жатыр. Бұғатқа түскен ақшаға алаңдаған депутаттар осы сұраққа бас қатырып жатыр. Бірі тез арада елге алдыру керек десе, басқалары шетелде қалдыруды қолдайды.
Депутаттардың айтуынша, сол ақшаны Астана халықаралық қаржы орталығына инвестицияласа да болады екен. Өйткені, орталыққа онсыз да шетелдік инвесторларды тартып жатыр екенбіз. Ал Ұлттық қордың ақшасын құйсақ, бір жағынан қауіпсіз әрі өз экономикамызға жұмыс істейді. Бірақ, бәрінің ойы бір жерден шықпайды. Депутат Омархан Өксікбаев сыртқа кеткен ақшаға қауіптің көп екенін біле тұрса да сол жақта қала бергенін қалайды. Себебі, сырттағы ақша тек жатпай, пайдалы түсімдер әкеледі дейді.
Омархан Өксікбаев, Мәжіліс депутаты:
-Жоғарғы кепілді құнды қағаздарға салу ол әлемдегі қолданылып жүрген тәсіл. Сондықтан оны біз Ұлттық банк оператор ретінде солар қабылдаған ереже бойынша сол құнды қағаздарға салынады. Өйтпесе, оның түсімдері инфляция жеп қойған болар еді. Сондықтан біз оның өзіндік табыс табатындай көздерін қарастырып отырмыз.
Қалай десек те Ұлттық қордың активтері қолға тиді деп қуануға әлі ерте. Әзірге тек сол ақшаны қалай тиімді жаратуға болады деген мәселені біржақты шешіп алу керек сияқты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!