{metadescription}
Теңгенің қарқынды нығаю себебін  Ұлттық банк төрағасы түсіндірді
Теңгенің қарқынды нығаю себебін  Ұлттық банк төрағасы түсіндірді

Теңгенің қарқынды нығаю себебін Ұлттық банк төрағасы түсіндірді

Данияр Ақышевтың айтуынша, төл ақшамыздың бағамы валюта нарығындағы ұсыныс пен сұранысқа байланысты қалыптасады. Оған, әрине, қара алтын құны мен сауда бойынша серіктес елдердегі валюта бағамы да әсер етеді. Осындай факторлар өткен жылы қалыпты болып, теңге қымбаттаған. Бірақ, 0,3 пайызға ғана.

Ұлттық банкке тілшілерді жинап, төрағаның жиын өткізуі соңғы кездері дәстүрге айналды. Бүгін ол 2017 жылға қорытынды жасады. Данияр Талғатұлы, әдеттегідей, сөзін жағымды жаңалықтардан бастады. Өткен жылы ол мақтана айтатындай жетістік аз болмапты. Соның бірі - инфляция деңгейі. Ол Бас банк бекіткен дәлізден аспаған. Яғни, 7,1 пайызды құрапты. Салыстырмалы түрде айта кетсек, 2016 жылы инфляция деңгейі 8 жарым пайызды құраған болатын. Енді биыл Ақышев бастаған қаржыгерлер әлдеқайда төмен межені, яғни, 5-7 пайыздық дәлізді көздеп отыр.

Өткен жылы базалық мөлшерлеме де едәуір төмендеген. Жыл соңында деңгейі 10,25 пайыз болып қалыптасты. Бірақ, бас банк мұнымен тоқтаған жоқ. Ондағылар 10 күн бұрын базалық мөлшерлемені тағы 9,75 пайызға дейін төмендетті. Ұлттық банк төрағасы қазіргі қаржы нарығындағы жағдайды тұрақты деп есептейді. Өткен жылы мың құбылған теңге, соңында долларға қатысты қымбаттаған. Бірақ, бар-жоғы 0,3 пайызға. Есесіне, жыл басталғалы валютамыз қарқынды нығайып келеді. Бүгін оның себебі де айтылды.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

- Теңге құны валюта нарығындағы ұсыныс пен сұранысқа байланысты қалыптасады. Егер шетелдік валютаға сұраныс артса, әрине, теңге құлдырайды. Төл ақшамызға қара алтын бағасы мен сауда жағынан серіктес елдердегі валюта құны да әсер етеді.

Өткен жылы, Ұлттық банк валюта нарығына қатысуын қысқартқан. Сондықтан, теңге бағамына қаржы реттеушісінің әсері шамалы дейді төраға. Бүгін, сондай-ақ, тілшілер шетелде бұғатталған Ұлттық қордың қаржысына қатысты көкейтесті сұрақтарына жауап іздеді. Сөйтсек, активтерді шектеуден босату процесі әлі жүріп жатыр екен.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

- Біз бұл мәселе бойынша алға қойған мақсатымызға жеттік. Бірақ, ақшаны бұғаттан шығару үрдісі әлі жалғасып жатыр. Ал, активтер сақталатын қаржы ұйымы байқау арқылы таңдалады. Егер арнайы зерттеуден кейін Нью Йорк Меллон банкінің тиімділігіне күмән келсе, шара қолданамыз. 

Яғни, Бас банк, шектеу қойылған ақшалар жатқан қаржы ұйымымен арадағы серіктестікті әзір доғармақ емес. Ұлттық қордағы ақша демекші, бүгін Швеция сотының Қазақстанның 100 миллион долларлық активтерін бұғаттау туралы бұйрығын күшінде қалдырғаны белгілі болғанын айта кетейік. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.