Доллар арзандап, теңге тағы қымбаттай түсті
Бүгін төл валютамыздың бағамы АҚШ ақшасына қатысты 319-ға дейін нығайды. Осылайша, жыл басталғалы оның құны 3 жарым пайыздай өсіп отыр. Ал, өткен жылы теңге тек 0,3 пайызға қымбаттапты. Ақшамыздың қаңтардағы қарқынын Ұлттық банк төрағасы валюта нарығындағы ұсыныс және сұраныспен байланыстырады. Оған, әрине, қара алтын құны мен сауда бойынша серіктес елдердегі валюта бағамы да оң әсер еткен.
25.01.2018
Ұлттық банкке тілшілерді жинап, төрағаның жиын өткізуі соңғы кездері дәстүрге айналған. Ал, бүгінгі отырыс 2017 жылды қорытындылауға арналды. Данияр Талғатұлы, әдеттегідей, сөзін жағымды жаңалықтардан бастады. Өткен жылы ол мақтана айтатындай жетістіктер аз болмапты.
Соның бірі - инфляция деңгейі. Ол Бас банк бекіткен дәлізден аспаған. Яғни, 7,1 пайызды құрапты. Салыстырмалы түрде айта кетсек, 2016 жылы инфляция деңгейі 8 жарым пайызды құраған болатын. Енді биыл Ақышев бастаған қаржыгерлер әлдеқайда төмен межені, яғни, 5-7 пайыздың дәлізді көздеп отыр. Десе де, оның қалай қалыптасары - уақыт еншісінде.
Өткен жылы базалық мөлшерлеме де едәуір төмендеген. Жыл соңында оның деңгейі 10,25 пайыз болып қалыптасты. Бірақ, бас банк мұнымен тоқтаған жоқ. 10 күн бұрын базалық мөлшерлемені тағы 9,75 пайызға дейін төмендетті. Жалпы Ұлттық банк төрағасы қаржы нарығындағы жағдайды тұрақты деп есептейді. Теңге бағамына келсек, ол өткен жылы бар-жоғы 0,3 пайызға нығайған. Есесіне, жыл басталғалы валютамыз қарқынды қымбаттап келеді. Қаңтардың басында теңге бағамы 332 болса, бүгін қор биржасында оның құны 319 теңге 83 тиын болып қалыптасты. Бас банк төрағасының мұны немен байланыстыратынын тыңдап көрейік.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- Теңге құны валюта нарығындағы ұсыныс пен сұранысқа байланысты қалыптасады. Егер шетелдік валютаға сұраныс артса, әрине, теңге құлдырайды. Төл ақшамызға қара алтын бағасы мен сауда жағынан серіктес елдердегі валюта құны да әсер етеді.
Өткен жылы, Ұлттық банк валюта нарығына қатысуын қысқартқан. Сондықтан, теңге бағамына қаржы реттеушісінің әсері шамалы дейді төраға. Бүгін, сондай-ақ, тілшілер шетелде бұғатталған Ұлттық қордың қаржысына қатысты көкейтесті сұрақтарына жауап іздеді. Сөйтсек, активтерді шектеуден босату процесі әлі жүріп жатыр екен.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- Біз бұл мәселе бойынша алға қойған мақсатымызға жеттік. Бірақ, ақшаны бұғаттан шығару үрдісі әлі жалғасып жатыр. Ал, активтер сақталатын қаржы ұйымы байқау арқылы таңдалады. Егер арнайы зерттеуден кейін Нью Йорк Меллон банкінің тиімділігіне күмән келсе, шара қолданамыз.
Яғни, Ұлттық банк, шектеу қойылған ақшалар сақталған қаржы ұйымымен арадағы серіктестікті әзір доғармақ емес. Ұлттық қордағы ақша демекші, бүгін Швеция сотының Қазақстанның 100 миллион долларлық активтерін бұғаттау туралы бұйрығын күшінде қалдырғаны белгілі болғанын айта кетейік. Сондай-ақ, бүгін Данияр Ақышев әлеуметтік сақтандыру қорындағы 60 миллиард теңгені «ҚазАгро» холдингіне инвестициялау мәселесіне де түсінік берді.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- Ақша әлі инвестицияланған жоқ. Ұлттық банк Үкіметтің тапсырмасын ғана орындайды. Өйткені, қаржы Үкіметке тиесілі. Бұл жерден ешқандай күрмеуі қиын мәселе көріп тұрған жоқпын. Ұлттық басқару холдингтеріне ақша құю бұрыннан тәжірибеде бар жағдай.
Бұған қоса, ақша айырбас орындарына қатысты қаталданған талаптыңқайта қаралмайтыны белгілі болды. Ұлттық банктің қаулысымен мұндай мекемелер үшін жарғылық капитал көлемінің өскенін еске салайық. Осыдан кейін, ақша айырбас орындары шетінен жабылғалы жатқандарын айтып, шу көтерген болатын. Бірақ, Бас банктегілер аяушылық танытайын деп отырған жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!