Қазақстанда мың пайызбен несие беретін ұйымдарға қатысты дау шықты
Елімізде мың пайызбен несие беретін шағын фирмалар жаппай тексерілуі мүмкін.Өйткені, жұртқа интернет арқылы ақша тарататын ұйымдар аңғал клиенттерді алдап жатыр. Осылай деген сенаторлар бүгін Бас прокуроратурадан интернет банктердің қызметін дереу бақылауға алуды талап етті. Онлайн несиеге жауапты қауымдастық та, алаяқ компаниялардың көбейгенін мойындап отыр.
Автор: Досжан Маратұлы
18.01.2018
Ғаламторға кіріп қалсаң, онлайн несие беретін шағын банктердің жарнамасынан көз сүрінеді. Тіпті, осындай фирманың бірі клиент тарту үшін үйсіз қаңғыбастарға да қарыз береміз деп жазып қойыпты. Ашып көрсек, расымен несие рәсімдеу қиын емес. Сілтеме арқылы өтіп, өтініш толтырсаңыз болды, ақша банк корточкаңызға түседі. Бірақ, сенаторлар онлайн қарыз алу қауіпті дейді. Өйткені, қаржылық ұйымдардың жұмысын ешкім бақыламайды. Тіпті, жұртты алдайтын осы компаниялар пайыздарын жасырып, көрсетпейді дейді депутаттар. Сондықтан Бас прокурордан осы сайттарды мұқият тексеруді сұрады.
СЕРГЕЙ ЕРШОВ, СЕНАТ ДЕПУТАТЫ:
-Қандай жағдай болмасын онлайн несиені кез-келген азамат рәсімдей алады. Мүмкін клиент мас немесе есірткі қабылдаған шығар. Тіпті, әлдекім күш көрсетіп, күштеп несие алдыртуы да мүмкін ғой. Әрі интернет банктер қарызды 700-1000 пайызбен береді. Бірақ, мұны көбінде аңғал адамдарға ескертпейді әрі көрсеттпейді. Бұл клиенттердің құқығын бұзады.
Оның үстіне қаржылық ұйымдар қарыз берер кезде клиент туралы мағлұматты заңсыз жинайды. Өйткені, ол үшін, ақшаға мұқтаж адамның жазбаша рұқсаты болуы тиіс. Бірақ, несие интернет арқылы рәсімделген соң, бұл талап әрине сақталмайды. Ал, бұған қарамастан қарыз алатындардың қарасы көп. Бет жүзін көрсетуден бас тартқан Жандос солардың бірі. Айтуынша, былтыр қаржыдан қысылып, интернет арқылы бір айға 100 мың теңге алған. Бірақ, үш есе қылып қайтарыпты.
ЖАНДОС:
-Шарттарымын танысасың ешкіммен бетпе-бет кездеспейсің. Сосын телефонға смс код келеді. Сол кодты сайтта тергеннен кейін ол қол қою болып есептеледі. Яғни ол жерде адамның қандай жағдайда екені қаралмайды. Бір айдың ішінде алған ақшамды мен шамамен 300 мың қылып қайтардым. Сосын бір күнге екі күнге кешіксең қоңырау шалып қорқытып отырады. Жұмысыңа хат жазамыз деп.
Ал, тұрғындарға онлайн несие беретін фирмалардың жұмысын Қазақстан қаржы техникалық қауымдастығы қадағалайды. Интернет банктердің арасында клиенттерді алдайтын алаяқтардың барын мұндағылар да мойындап отыр. Бірақ, бәрі емес дейді.
ЕРЛАН СМАЙЫЛОВ, ҚАРЖЫ ТЕХНИКАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
-Жұртты алдап соғатын фирмалармен күресу керек. Бірақ, олар біздің қауымдастыққа жатпайды. Ал, біздің құрамымыздағы ұйымдар заң бойынша жұмыс істейді. Ең бірінші клиенттердің құқығын ойлайды.
Енді біз осы онлайн несие беру нарығын реттегіміз келіп отыр. Бірақ, Ұлттық банк әзірге рұқсат еткен жоқ.
-Яғни, елімізде онлайн несие берумен заң бойынша тек 15-ке жуық фирма айналысады екен. Қалғандары жұрттан артық ақша алуға әуес алаяқтар көрінеді. Сондықтан қауымдастықтағылар тұрғындарға интернет арқылы қарыз аларда аса сақ болуға кеңес береді. Әрі жеке куәлікті де көрінген жерде қалдыруға болмайды. Өйткені, біреу атыңыздан онлайн несие рәсімдеуі ғажап емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!