Аңқау елге арамза молда: Алматы облысында имам сотталып жатыр
Өтеген батыр кентінің бұрынғы бас имамы Серік Кәріпжановты ауыл тұрғыны Маматова Гүлзира 4 мың доллар ақшамды алаяқтық жолмен тартып алды деп айыптауда. Басы дауға қалған молдадан мүфтият та теріс айналған. Бір жыл бұрын қызметінен қуып жіберіпті. Ең сорақысы Алланың атын жамылып алаяқтыққа барды деген азамат соңғы он жылда төрт мешіттің басы имамы қызметін атқарып, жамағатқа уағыз айтып келген.
26.01.2018
Даулы оқиға осыдан он жыл бұрын басталған. Басына іс түскен Маматовтар әулеті көмек қолын созатын адам іздеп шарқ ұрады. Сол кезде туыстары Іле ауданында аты дүркіреп тұрған бас имам Серік Кәріпжановпен таныстырған. Олар дін қызметкерлерін аттай қалап, ет асып үйге шақыртады. Кез-келген мәселені шешемін деп білек түрген молданы көрген Гүлзира ханым оның сұраған төрт мың долларын бірден тауып берген.
Гүлзира Маматова, жәбірленуші:
-Жаным қиналып қызымның шығуын ғана ойладым сол кезде мен. Төрт мың доллар сұрағаннан кейін өзім қолына санап бердім. Ол Түркісіб ауданындағы прокурор досым соған берем деді. Сол жұмысыңызды шешіп береді деді. Қолхат алған жоқпын, имам ғой деп сендім.
Танысым көп деп көпірген молда сөзінде тұрмапты. Ақырында телефон ұрлаймын деп тұтылған Гүлзира Маматованың қызы екі жылға сотталды. Ал имамның алаяқтығын дәлелдейтін дәнеңе жоқ. Алла жолындағы адамға ақша бергенде қолхат та алынбаған. Іс жабулы күйіде қалар ма еді, егер Маматовтар зейнеттегі тергеушімен құдаласпағанда.
Қазыбек Ертаев, жәбірленушінің құдасы:
-Бұл кісіні алып Қапшағайға мешітке бардым. Наиб имамға жолықтым. Құрманәлі деген кісіге. Ол айтты Серікті іздеп жүргендер көп деп. Ол талай адамды отырғызып кеткен екен. Менен де бас имам қылам деп 500 доллар алып кеткен деді.
Серік Кәріпжанов Қапшағайдан соң Ақши ауылы мен Панфиловта да бас имам болып, жамағатқа уағыз оқыған. Жүрген жерін шулатып, халықты қан қақсатқан молданың былығы бетке шыққанда мүфтият да одан теріс айналды.
Ілияс Досымбетов, адвокат:
-Қазіргі таңда заңсыз түрде жұмыстан босатылды. Жоғары муфти Ержан Қажы Малғажыұлы сол кісі заңсыз түрде өз бұйрығымен босатқан. Біз соттың соңына дейін кінәмізді мойындамаймыз. Ешқандай жауап бермейміз.
Күдіктінің адвокаты молданы тоғыз баласымен жұмыссыз далада қалдырған діни басқарманы сотқа береміз деп отыр. Ал басқарма қызметкерлері имамның қалт басуға құқығы жоқ. Ол халықтың айнасы дейді.
Сағитжан Дәулетияр, ҚМДБ заңгері:
-Діни қызметкер таза болуы керек. Ол халықтың айнасы. Қазіргі сот мәселесінде тергеу мәселесінде болып жатқанды сот өзі дәлелдейді деп ойлаймын. Ал ол туралы біздің қолымызда қателіктер немесе бір жағдай болғаны туралы, арыз түскені туралы біз айта алмаймыз.
Бір қызығы бір бұл іс бір жылға жуық тергелген. Дәйек жоқ деген желеумен прокуратура оны 3 рет кері қайтарыпты. Соттың алғашқы отырысында сыр бермеген имам сүттен ақ судан тазамын деп өзіне шаң жуытар емес.
-Ет бұзылса тұз себеді, ал тұз бұзылса не себеді?! Он жылдан астам Алла үйінде жамағатқа уағыз оқыған имамның қылмыстық іске шатылуы кім-кімді болса да бей-жәй қалдырмасы анық. Қазір молданың қорғаушысы, өзі, тіпті дін басқармасының қызметкерлері қылмыс дәлелденген жоқ деп отыр. Бірақ Серік Кәріпжановтың үстінен шағымданушылар әлі де артуы мүмкін. Себебі қызметтік бабын асыра пайдаланған имамға құдайдай сенгендер бар ақшасын санап беріп отырған. Ал бұл іске қатысты келесі сот отырысы ақпанның бесі болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!