Жақып Асанов өтірік есеп беретін судьялардың қулығын әшкереледі
Елімізде лауазымды тамыр-танысын араға салып үкімге ықпал ететіндер көбейген. Сондықтан Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов судьялар арасында жаппай кадрлық тазартуды бастағалы жатыр. Өйткені, аққа жақ болудың орнына бүгінгінің билері кісі тағдырына атүсті қарап, қате үкім шығарады. Әрі теңге үшін әділдіктен аттайтындар да жоқ емес. Бүгін еліміздің бас қазысы қарамағындағыларын тегіс Астанаға жинап, фемида саласындағы былықты жасырмай жайып салды.
Автор: Досжан Маратұлы
26.01.2018
Жалпы Жақып Асановтың Жоғарғы сот төрағасы болып тағайындалғалы бергі бұл алғашқы мәлімдемесі. Әдеттігедей баяндамасын мақтаудан емес, сыннан бастады. Себебі қара қылды қақ жаруы тиіс фемида қызметкерлері халықты сенделтіп қоятын әдеттерінен арыла алмай отыр. Әрі төрелігін айтып, аққа жақ болудың орнына, жан-жаққа жалтақтап, қате үкім шығаратындар бар. Оның үстіне ауызбастырық үшін, ардан аттайтын судьялар да көбейген. Тіпті, бюрократияға белшеден батқан билер, қарапайым сот актісін түсінікті етіп жаза алмайды.
ЖАҚЫП АСАНОВ, ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
-Көптеген актілер көлемді, күрделі сөйлемдермен жазылған. Оны оқыған адам ештеңе түсінбейді. Тіпті біз де, судьяның не айтпақ болғанын, неге мұндай шешімге келгенін білмей дал боламыз. Егер өзіміз оқығанда осылай қиналсақ, қарапайым адам жайлы не айтуға болады? Сот актілері халық үшін жасалады. Сондықтан ең бірінші соларға ұғынықты болуы керек қой.
Сондықтан,судьялар сенімнен жұрдай. Оның үстіне, тамыр-танысын араға салып, соттың шешіміне әсер ететіндер көбейген. Мұндай былық әсіресе, аймақтарда көп.
ЖАҚЫП АСАНОВ, ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
-Приезжаешь в любую область, все про всех знают: кто с кем общается, чьи интересы защищают, с кем дружат, с кем құда енді одан кетпейсің ғой. Как живёт, на чём ездит, где отдыхает, всё знают. Сотқа арызды бермей жатып,таныс іздей бастаймыз. Сотта ағам бар,көкем бар деп қорқытамыз. Сондағы мақсат әділдік емес, қарсыластан өш алу. абыройын айрандай төгу.
Бірақ, ауқымды реформалар болмайды. Жұмыс бұрынғыдай жалғаса бермек.
Яғни, мантия кигендер ең алдымен халықтың сенімін қайтаруы тиіс. Ол үшін қазылар тек заңға ғана бағынып әділ үкім шығаруы керек. Өйткені, адам тағдыры ойыншық емес. Сондай-ақ, сотта қаралатын әкімшілік, қылмыстық істердің саны тым көбейіп кеткен. Дәл қазір елімізде 1 миллионға жуық іс қаралып жатыр. Ал, оны қысқартып, жұмыстың тиімділігін арттыру үшін дауды сотсыз шешетін ұйымдарды жетілдіру қажет.
ЖАҚЫП АСАНОВ, ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
- Кемінде екі миллиондай адам сот әуресінде жүр. Сот аппараты бар, прокурорлар бар, эксперттерді, сот орындаушыларды қосыңыз бұл жалпы бюджетке үлкен салмақ. Әрине даулар кез-келген қоғамда бар. Бірақ, олардың барлығын сотта шешу мүмкін емес. Сот екі жақты бірдей қанағаттандыра алмайды. Ең тиімді жол дауды сотсыз шешетін институттарды дамыту.
Жақып Асанов жиында облыстық соттың төрағаларына қатты шүйлікті. Себебі олар өтірік есеп беріп, статистиканы бұрмалайды. Сол қулықтарын Асанов бүгін көптің көзінші әшкереледі.
ЖАҚЫП АСАНОВ, ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
-Бітіммен аяқталған істердің көлемі 4 пайыз. Бірақ шынын айтсам, құрметті облыстық соттың төрағалары, мен бұл цифрға сенбеймін. Өйткені кеше ғана маған айтты,оның ішінде өтірік көп. Не үшін істеп жүргендеріңізді сонда? Мына жерден мақтау қағазын алу үшін бе? Сонда халықтың пікірі сізге маңызды емес қой. Статистикада жалғандық көп. Тараптарды бітімге келтіру біз үшін жаңалық емес.
Сондай-ақ, қазыларды жұмыс таныс-тамыр арқылы емес, қатаң іріктеу арқылы алуға аса мән берілмек. Ал, сауатсыз соттарды төраға бұл саладан аластатып, жаппай жұмыстан қуатынын айтты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!