Семейде пәтерлерінде бүрсеңдеп отырған тұрғындар шу шығарды
Семейде мемлекеттік бағдарламамен үш жыл бұрын ғана баспана алғандар жылуға жарымай отыр. Жұрттың айтуынша, қазір он қабатты, 120 пәтерлі үйдің іші түгелдей мұздап тұр. Тіпті кейбір тұрғындардың әжетханалары қатып қалған. Енді үйдің ішіндегі температура 10 градустан аспағандықтан жұрттың тең жартысы баспаналарын тастап, жақындарын жағалап кетуге мәжбүр. Қақаған қаңтарда бүрсең қаққандардың жергілікті билікке деген өкпелері қара қазандай. Себебі, атқамінерлер қабырғасы жұқа, жылу жүйесі сапасыз баспананы көз жұма қабылдап алған көрінеді.
Автор: Ұлан Нұрахмет
29.01.2018
Қақаған қаңатар үш жыл бұрын мемлекеттік бағдарламамен баспана кілтін алғандардың екі аяғын бір етікке тықты. Даладағы 40 градус аяз қос бүйірден соққан сәтте, 120 пәтердің іші солқылдап қоя берген. Тіпті мұнда кейбір тұрғындар қыстың көзі қырауда пәтерін тастап бас сауғалап кетуге мәжбүр. Ал баспана ішіндегі өлімші жылуда қалғандар, қабат-қабат киініп, электр пешін қосып жан бағуда. Солардың бірі – 80-нің сеңгіріне аяқ басқан Зухра Калиолдина.
Зухра Калиолдина, Семей қаласының тұрғыны:
-Көршілерге жылынайын десем ұят. Тамақ іздеп жүрген кісі сияқты. Осылай плиткамен отырмын. Ішімде қабат-қабат киім бар. Қартайғанда мұндай сұмдықты көрген де қиын.
Бүгін аяздың беті қайтқанымен пәтердің ішіндегі жылу 10 градусты ғана көрсетіп тұр. Бірақ мұз құрсанып, қырау басқан терезелер, суланып көгерген қабырғаларды жылу батареяларының қалпына келтіретін түрі жоқ. Себебі, ол әлсіз. Соның кесірінен, тұрғындардың су құбыры мен әжетханасы да қатып қалған. Қазір тұрғындар бірінен-бір жылу жырымшылауға мәжбүр. Бұл үшін кейбір пәтердің иелері оны жылдам айналдыратын арнайы мотор орнатқан. Ал оны қосып өзімшілдікке салынса, көршісі жылудан қағылады. Жұрт жыр болған баспананың олқылығын айтып талай табалдырық тоздырдық,-дейді. Алайда, үйдің қабырғалары қақырап сөгіліп жатса да, еш нәтиже жоқтығын айтады.
Самал Әбішова, Семей қаласының тұрғыны:
Алматыдағы мердігерге де хабарластық. Ондағылар кепілдік мерзімдері біткендіктен, өздерің күш салып жасап алыңдар деді. Сонда айына 30 мың теңгені не үшін төлеп жатырмыз?
-Осылайша, тұрғындар жергілікті биліктің он қабатты үйді көз жұма қабылдай салғанын айтуда. Бірақ оған жауапты ақтамінерлер қандайда бір мәлімет беруден бас тартып ат-тондарын ала қашты. Олар тек үйді арнайы коммиссия қабылдаған деп қысқа қайырды. Сондықтан бұл ғимараттың олқылығын құрылыс жүргізген мердігер түзетуі керек екен. Ал қараша нақты жауаптыны табу үшін сотқа жүгінбек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!