Коммуналдық апат: Алматыда мыңдаған тұрғын әлі жылусыз отыр
Алматыда құбырдағы апат салдарынан бүтін бір ықшамаудан жылусыз қалды. Сөйтсе, жарылған әбден ескірген құбыр екен. Қолдану мерзімі баяғыда өтіп кетсе де, коммуналдық қызмет ауыстыруға асықпаған жылу жүйесі ақыры қаңтардың шыңылтыр аязында елдің есін алды. Қазір апат салдарынан Таугүлдегі жүзден астам көпқабатты үй мен мектептер, одан қалды балабақшалар бүрсең қағып отыр. Қыспен бірге қабаттасып, құбыр жөндегендер жұрттың тек жартысын жылуға ғана қосып, апатпен әлі де алысып жатыр.
29.01.2018
Таугүл ықшамауданының тұрғындары бүгін ұйқыдан жаурап оянды. Таңсәріде жұмысқа жиналған жұрт мұздай сумен жуынған. Есесіне, көше бойы будақтаған будың астында қалды. Сөйтсе жарылған 80-ші жылы төселген құбыр екен. бас-аяғы 25 жыл ғана іске жарамды жылу жүйесі, 38 жыл қолданылып, сақылдаған аязда ақыры шыдас бермей жарылған. Ал қысқа ақадай саймыз деген коммуналдық қызметтегілер жұрттың бетіне қарауға жарамай, қашып жүр.
Құбырдың көптен бері қаралмағаны білініп қалды. Өйткені, апат орнына жеткен бригада түске дейін тесілген жерін таппай, әлек болды. Ал бала-шағасын қайда жіберерін білмей қалған жұрт екі ортада тыпырлап қалды. Өйткені, күннің суытуына байланысты балалбақша мен сабақ уақытша тоқтатылған.
Сержан Мұратұлы, Алматы қаласының тұрғыны:
- Таңертеңнен бері ыстық су жоқ. Батарея сөніп қалған. Ауыстырмаса болмайды ғой. Әйтпесе, ондай мұндай жағдай тағы болады.
Тіпті Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектеп-интернаты жылудан ажырап қалды. Апаттан кейін Алматы қаласында тұратындары үйлеріне жіберіпті. Ал шалғай алыстан оқуға келген курсанттар болса, жылы киіммен азынаған казармада отыр.
Тұрған Ермақашов, Б.Момышұлы атындағы əскери мектебі шаруашылық бөлімінің бастығы:
- Жетіден бері жылу жоқ, ыстық су жоқ. Қазір қиындау болып жатыр. Бөлменің бәрі суық қазір. Курсанттар буршлагпен отыр сабақ оқып.
Аязды күні тіпті әйгілі Әл-фараби көшесі бойындағы қымбат үйлер де жылусыз қалды.
Роза Бейсекеева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бірнеше шұлық, жылы пальто, жылы шалбар киюге тура келеді. Ал жатқан кезде жылы носкимен жатамыз.
Одан қалды, Күләш Байсейітова атындағы көше тұрғындары да бүрсең қаққан. Мұнда бес күннен бері жылу жоқ екен. Ал коммуналдық қызметтер оны бар кінəні аязға аударып, әр жерде апат болып жатыр деген. Жылусыз қалған 130 үйдің жартысына жуығы тек кеш қарай жылуға әрең дегенде қосылды. Ал қалғанын жылу мекемесі түнге қалдырмай, құбырды жамап бітеміз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!