Шымкентте 12 жасар қыз дәрігерлердің кесірінен мектепке бара алмай жүр
Шымкентте 12 жасар қыз кезінде перзентхана дәрігерлері жіберген қателіктің кесірінен әлі күнге дейін мектепке бара алмай жүр. Өзбекстаннан келіп жұмыс істеп жүрген Ділбар Мирсаидова 2006 жылы перзентханада қыз туған. Бірақ анасы ес-түссіз жатқан кезде дәрігерлер туылған шақалақтың құжатындағы әке-шешесінің орнына өзге адамдардың атын қоя салыпты. Содан бері 12 жылдай уақыт өтсе де, Ділбар өзінің туған қызы Альбинаның анасы екенін дәлелдей алмай жү.
Автор: Бек Әбиев
30.01.2018
Екі айдан соң 12-ге толатын Альбина осылайша ежіктеп оқиды. Ақылының аздығынан емес, мектепке бара алмай қалғанынан. Анасы Ділбар – Өзбекстан азаматшасы. Ол біздің елге келіп, жұмыс істеп жүрген. Содан 2006 жылы Шымкенттегі перзентханада Альбинаны туып, ес-түссіз жатқан кезде туу туралы құжатты толтырған дәрігерлер нәрестенің әкесінің аты-жөнін Нұралы Акапиян деп, ал анасын Диана Акапиян-Гаспарян деп толтыра салған. Не үшін бұлай жасағандары белгісіз. Ділбар сол кезде шу шығарғанымен, дәрігерлер айғайлап, өзін перзентханадан қуып шыққан.
Ділбар Мирсаидова, Альбинаның анасы:
-Загс-ке барыңыз деді. Бардым. Бір қағаз берді. Содан кейін халыққа қызмет көрсету орталығына сілтеді. Сөйтіп жүргенде бір жыл өтіп кетті.
Құзырлы орындар бір-біріне сілтеп жүрген 12 жыл ішінде Альбина туу туралы куәлікті де алмаған. Бар құжаты перзентхана қызметкері қате берген туу туралы актісі ғана. Бірақ, мұнымен не емханаға тіркемейді, не мектепке алмайды. Туылғалы бірде-бір екпе де салынбаған қыздың өзі жиі ауырады. Аспаз боп істейтін Ділбар қызына қарап жүріп, дәрігерден кем емдемейтін болған екен.
Ділбар Мирсаидова, Альбинаның анасы:
- Өзім дәрігермін, өзім қараймын. Ауырған кезінде ешкім қарамайды.Жедел жәрдем дәрі егіп қайтарып жібереді. Өткен жылы ит тістеген, ешкім қабылдаған жоқ. Құжаты жоқ деп.
Ділбардың өзі жұмыстан бос уақытын түрлі құзырлы органдардың табалдырығын тоздырумен өткізеді. Полиция, прокуратура, сотқа сан мәрте жазғанымен, олар да бір-біріне сілтейді. Бұл жолы Әділет департаментіне тағы келді. Бірақ мұндағылар тағы да шарасызбыз деп шығарып салды.
Шахаризаде Досанова, ОҚО Әділет департаментінің бөлім бастығы:
-Иә, перзентаханадан қате жіберген. Баланың туу туралы дәрігерлік куәлік, баланың туылғандағы жөнінде дәрігерлік куәліктің негізінде толтырылады.
Ақша болған кезде репетитормен, болмаса анасы үйде отырған кезде анасымен оқып үйреніп жүрген Альбинаның бар арманы тек өз қатарластары секілді мектепке барғысы келеді.
Альбина Акапиян:
-Иә, қатты барғым келеді. Бәрі кетіп жатқанда сабаққа тек қана мен қалам. Не үшін сабаққа бармайсың деп сұрағанда үндемеймін.
-Қазір облыстық денсаулық сақтау басқармасы мұрағатты ақтарып, Альбинаның туылған кездегі құжаттарын іздеп жатыр. Егер, перзентханадағылар 12 жылдай бұрынғы қателігін мойындаса, Альбинаға құжат жасау жеңіл болады екен. Әйтпесе, атқамінерлер тағы бір-біріне сілтеп, жеткіншектің мүлдем ресми құжатсыз қалатын түрі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!