Павлодарда сәбиін қоқыс жәшігіне тастай қашқан көкек ана іздестіріліп жатыр
Сұмдық жағдай аулалардың бірінде болған. Бауыр еті баласының туғанына екі апта толмай анасы көрпешеге орап, оны қоқыс жәшігінде қалдырып кетіпті. Ал шақалақтың ыңырсыған дауысын осы аумақ тұрғындарының бірі естіп, оқиға орнына полицейлерді шақыртқан. Қазір сәбиді ақхалаттылар бақылап жатыр. Тоңып қалғаны болмаса, ол дін аман. Ал баласынан жеріген ана табылған жағдайда аналық құқығымен қоса, бас бостандығынан да айырылуы мүмкін.
Автор: Әйгерім Шакаманова
30.01.2018
Анасының ақ сүтін іздегені ме, даладан анықталған сәби кейде мазасызданып жылайды. Оны қас қарайғанда қоқыс жәшігінің ішінен алып шыққан тұрғындардың бірі осы шырылы арқылы тауып, бірден полицияға хабар берген. Көрпешеге оралған шақалақ бұдан соң ауруханаға жеткізіліпті. Ақхалаттылардың айтуынша, аздап тоңып қалғаны болмаса сәби дін аман.
Шолпан Құрманова, неонатолог-дәрігер:
- Бала келгенде аса жыламады. Денесінің температурасы 35-38 градус болған. Жаман емес жағдайы. Анализдері де жаман емес.
Салмағы үш келіден асатын ұл баланың жағдайын дәрігерлер әлі де бақылап жатыр. Өйткені, ол 20 градус аязда бір сағат көлемінде жатып қалған. Болжамдарға қарағанда, сәби осыдан 10-12 күн бұрын дүниеге келіпті. Ал оны алғаш боп көрген тұрғындар дені сау адам бұл қадамға бармас еді деп санайды.
Виктория Казакова, оқиға куәгері:
– Есі дұрыс адам туған баласын қоқысқа тастамас еді. Мұндай әйелдерді адам деуге аузым бармайды. Қайта біреу баланы аңғарған. Түнімен жатып, үсіп өліп қалса сәбидің бар-жоғын ешкім білмес те еді. Біздің аулада жүкті әйелдерді байқамадық. Сырттан келген біреу деп ойлаймыз.
Тәртіп сақшылары болса көкек анаға іздеу жариялаған. Жалпы жыл басынан бері өңірде 576 ер баланың дүниеге келгенін айта кетейік. Қазір cолардың құжаттары бойынша тексеріс басталған.
-Әзірге тастанды баланың анасының кім екені белгісіз. Полицейлердің айтуынша, қазір бұл жайтқа қатысты адам өміріне қауіп төндіру немесе өлтіруге әрекеттену баптары бойынша іс қозғау мәселесі қарастырылуда. Ал баласынан жеріген ана соңғы бап бойынша айыпталған жағдайда аналық құқығы түгілі, бас бостандығынан да айырылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!