{metadescription}
Талдықорғанда бір шөлмек арақты шалбарының ішіне тыққан ұры камераға түсіп қалды
Талдықорғанда бір шөлмек арақты шалбарының ішіне тыққан ұры камераға түсіп қалды

Талдықорғанда бір шөлмек арақты шалбарының ішіне тыққан ұры камераға түсіп қалды

Сұғанақ қолдар көбейіп кетті. Талдықорғандық саудагерлер жыл басталғалы ұрлықтан көз ашар емес. Оңай жолмен олжаға кенелуді көздеген әккі ұрылар шағын дүкендерден бастап үлкен сауда үйлерін екі күннің бірінде тонауда. Ал, қолды болған тауарлардың арасында араққа дейін бар. Енді кәсіпкерлер тапа-тал түсте тонап жатқан қылмыскерлерден қалай қорғанарларын білмей дал болуда.

Мына видеодағы екі жастың сырт келбеті сұғанақ екендерінен сыр бермейді. Киген киімі мен түр әлпетіне қарап сыпайы адамдар дерсіз. Бірақ, ішімдік таңдап тұрғандай көрінген клиенттер көп ұзамай арам пиғылын жүзеге асыруға кіріскен. Бірі сөзге айналдырып тұрғанда, екіншісінің бір шөлмек арақты шалбарының ішіне салып алғаны дүкеннің бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты.

Светлана Исаева, сатушы:

- Жігіт пен қыздың дүкенге кіргенін көрдім. Түрлеріне қарап, еш күдіктенбедім де. Арақ ұрлағанын кейін камерадан байқадық. Тапа-тал түсте осындай әрекетке барып отыр.

Әйтеуір, сұғанақтар жазадан сытылып кеткен жоқ. Ішімдікті қолды қылғандарды сақшылар тез арада ұстаған. Қазір Талдықорғандағы тек шағын дүкендер емес, үлкен сауда үйлерінде де ұрлық өршіп тұр. Қыруар ақшаның тауарынан бір күнде айырылып қала жаздағандардың бірі - Зоя Байділданова. Белгісіз ер адамдар оның бутигін өткен аптада бұзып кірмек болған. Абырой болғанда, мұны маңайдағылар дер кезінде байқап, қылмыстың алдын алыпты.

Зоя Байділданова, кәсіпкер:

- Пластик есікті сындырып кеткен. Құлыптан еш пайда жоқ. Енді, тонаушылардан қорғану үшін сауда үйі ашылған бойда осында келіп, есігі жабылмайынша шыға алмайтын болдық.

Сауда үйлерін айналшықтаған сұғанақтармен полицейлер де күресуде. Айтуларынша, бір айдың ішінде осындай 21 қылмыс тіркеліпті.

Көбейхан Нұрахмет, Алматы облыстық ІІД ресми өкілі:

- Жыл басталғалы 21 ұрлық фактісі тіркелді. Әзірге 16 қылмыстың бетін аштық. Әрі мұндай оқиғалардың алдын алуға тырысып жатырмыз. Жер-жерге ескерту қағаздары ілінуде.

Ұрыларды дереу анықтап, жазаға тарту үшін бейнебақылау камерасының көмегі мол. Сондықтан, полицейлер кәсіпкерлердің заманауи техникадан  ақша аямауын сұрауда. Ал, бутиктерге жаппай темір торлар орнатуға кеңес береді. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

07 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде