Астанада атышулы "Сергек" камералары енді адамның бет-жүзін де бақылауға алмақ
Астаналықтарды бақылау күшейеді. Биыл бас қаланың көшелеріне тағы бірнеше мың камера орнатылғалы жатыр. Қиылыстар мен тұрғын үйлердің арасына қойылатын бейнебақылау камералары тіпті, адамның түрін жазбай танитын болады. Әзірге мұндай заманауи құрылғы Елорда әкімдігінде ғана бар.
Автор: Досжан Маратұлы
01.02.2018
Адамның бет жүзін жазбай танитын камера міне осы. Бөтен ешкімді ішке кіргізбейді. Тек, әкімдік қызметкерлеріне ғана есік ашады. Яғни, кіріп шыққандардың бет-жүзі мына компютерде сақталған. Бұл атышулы "Сергек" камерасының мәліметтер базасы. Кез-келген адам камера алдына келген бойда, автоматты жүйе оның бейнесін осы базадан іздеп табады. Ол үшін бір-екі секунд жеткілікті.
МЕЙРАМ ДҮЙСЕКОВ, «ASTANA INNOVATIONS» АҚ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
-Камераны алдау мүмкін емес. Өйткені, ақпараттық база өте жақсы қорғалған. Бірақ, құрылғыны әзірге сынақ ретінде қолданып, қаншалықты қажеті барын көріп жатырмыз. Егер оң нәтиже берсе, әкімдік толық осы жүйеге ауысады.
Ал, мұндай ноу-хауға әлі бәрінің еті үйрене қоймаған. Кейбірі есікті ашу үшін бұрынғыдай электронды картасын қолданып жүр. Оның үстіне камера орнатылғанымен, есік алдындағы қатаң тексеру де бәз қалпынша. Ал, адамдардың кім екенін анықтайтын құрылғы әзірге әкімдікте ғана орнатылған. Енді Елорда көшелеріндегі «Сергек» камералары да тұрғындарды танитын болады.
АСҚАР САТЫБАЛДИЕВ, ЖОБА АВТОРЫ:
-Бірақ ол қазір емес. Өйткені, оны әлі тесттік жүйеде тексереміз.Ол үшін көп мағлұмат керек. Мысалы қауіпті адамдардың беттері, тізімі керек. Мысалы қылмыс жасап, оны іздеп жүрген болса, оны таниды. Сөйтіп, құзырлы орындарға хабарлама береді.
Жалпы, қаланы қарауылмен емес, қырағы камерамен бақылайтын Астананың тәжірибесін өзге қалалар да меңгеріп жатыр. Мәселен, бұл Павлодардағы «Жас дарын» мектебі. Адам танитын камералар мұнда да орнатылмақ. Бірақ, кеше сынақтан өткізілген құрылғылар бүгін алынып тасталған. Өйткені, тағы бірнешесіне тапсырыс берген білім ордасының әкімшілігі барлығын бірдей орнатамыз деп отыр.
Айдар Шахимов, мектеп директорының орынбасары:
-Таңертең бала келгенде немесе кеткенде, компютерде түгелі жазылып отырады. Сол арқылы баланың қайда болғанын және ата-ана да смс арқылы баласы мектепте ма, мектептен шықты ма біліп отырады. Егер мысалы сол аралықта үйіне келмесе, бізге хабар бере алады.
- Қазір осындай камералар өзге өңірлерге де жаппай сынақ ретінде орнатылып жатыр. Сондықтан, тұрғындарды бақылау күшеймек. Әрі жыл соңына дейін Елордада тағы қосымша 4 мың камера орнатылмақ. Олар көліктерді ғана емес, тұрғындарды да қырағы бақылайтын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!