Атамқұлов Байқоңырдан ұшырылған зымырандардың табиғатқа зияны жоқтығын айтты
Зымыран бөлшектері құлайтын аумақ Қостанай облысында болады. Ені 22, ұзындығы 44 шақырым жер телімі Жангелді ауданынан бөлініп қойған. Алдағы үш жылда 7 бірдей зымыран Байқоңырдан көкке көтерілуі тиіс. Ал оның бөлшектерібұрынғыдай Жезқазған жақ емес, Қостанай мен Ақтөбе облыстарының аумағына құлайтын болады. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, тас төбеден түсетін зілтемір техникалар ондағы мал-жанға зиянын тигізбейді.
Автор: Ербол Тұрымбет
01.02.2018
Қазақстан территориясында ресейлік зымырандарға арналған жер аумақтары онсыз да бар. Яғни, көрші елден атылған жойқын қару біздегі жалға алған жерге келіп жарылады. Ал бұл жолғы айтпағымыз,Қостанай облысының Жангелді ауданынан бөлінетін жер телімі жайында. Қазақстанның қақ ортасы екені картадан көрініп тұр. Жер аумағы белгіленіп қойса да тиісті мемлекеттік органдар бұл мәселені көршілермен әлі талқылап жатыр екен. Ал ракеталардың қоршаған ортаға түк зияны болмайды дейді министр.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
-Біз қоғамдық бірлестіктерді шақырып, қоршаған орта, әсіресе жануарлар әлеміне зияны бар-жоғын тексерттік. Оған елімізбен қатар, Ресей сарапшылары да қатысты. Ешқандай экологиялық қауіп жоқ.
Экологиядан бөлек, қауіптің көкесі қару-жарақтан төніп тұр екен. Өйткені ескірген оқ-дәрілерді сатып құтылмасақ, жарылыстардың астында қалуымыз мүмкін. Сол үшін бүгін министрлік Мәжілісте екі бірдей заң жобасын таныстырып, оқ-дәрілерді сату мен олардың көзін жоюдың барлық тетіктері сол заңда тәптіштеп жазбақшы. Ал сыртқа сатылатын ескі-құсқыдан түскен ақшаны қажетіне жаратпақ.
Әсет Құрманғалиев, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары:
-Бүгінде біздегі қолданыстан шығып қалған мүліктерімізге қызығушылар көп. Сыртқа сататын оқ-дәрілеріміздің жалпы құны шамамен 28 миллиард теңгені құрайды. Оның бәрі халықаралық қауымдастықтардың рұқсаты берілген елдерге саудаланады.
Әйтеуір былтыр ең қауіпті деңгейге жеткен тратилді заттардың көзі жойылыпты. Бірақ, бұл әлі қауіп сейілді деген сөз емес. Қиын болып отырғаны, ескірген әскери заттардың көзін жою мен қайта өңдеу тәртібі жасақталмаған.
-Министрдің айтуынша, ракетаның ұшуынан экологиялық зардап келеді деген жай қорқыныш қана. Шын мәнінде, табиғатты ракетаға қарағанда авияциялық ұшақтар 75 есе көп ластайды екен. Оны Атамқұловтың өзі есептеп шығыпты. Ал біздің билік Ресеймен бір шешімге келіп жатса, алдағы үш жылда жетеуін ұшыру жоспарланған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!