Сұлтанбековтің ақшамен босатылуына қатысты жаңа дерек шықты
Бостандықтың құны - 2 миллиард теңге! Өз ісіне шын өкінген және құқық қорғау органдарына қылмысты ашуға көмектескен. 10 жылға қамалған «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы төрағасының бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековті түрмеден босатуға осындай жағдайлар себеп болыпты.
Автор: Ербол Тұрымбет
05.02.2018
Мемлекеттің ақшасын миллиондап жеген Сұлтанбеков бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Әрі үш баланың әкесі, «Құрмет» орденінің иегері. Апелляциялық шағымды қараған Әскери соттың судьялар алқасы жаза тағайындаған әуелгі судья осы жағдайларды ескермеген деп салды. Бірақ, бостандыққа шыққанымен, Сұлтанбеков қазынаға 2 миллиард теңге төлеуі тиіс. Оның сыбайласы, 7 жылға сотталған израилдік бизнесмен Гиля Смоленский де босап шықты. Еврей кәсіпкердің де айыппұлы үш еселеніп, 500 миллион теңге төлейтін болды. Сұлтанбеков Астана қаласы әкімінің орынбасары болған тұста, израилдік кәсіпкермен ауыз жаласқан. Сөйтіп, мемлекеттік тендерді ұтып бергені үшін бизнесменнен 178 миллион теңге пара алыпты. Ал «Қазақстан инжинирингке» қызмет ауыстырған соң оралдық зауыттың басшысымен жымдасып, 286 миллионды қалтаға басқан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!