{metadescription}
Алматы облысында оқушы мектеп ауласында итке таланды
Алматы облысында оқушы мектеп ауласында итке таланды

Алматы облысында оқушы мектеп ауласында итке таланды

Қаңғыбас иттен келген қатер! Алматы облысында сабаққа кеткен екінші сынып оқушысы мектеп ауласында итке таланып, ауруханадан бір-ақ шықты. Дәрігерлер оның жарасын таңып, үйіне қайтарғанымен, қатты шошып қалған бала әлі мектепке бармай жүр. Ал, ашынған ана болса, балама дер кезінде көмек қолын созбады деп, мектеп басшылығын кінәлап отыр. Айтуынша, жауапты қызметкерлер жедел жәрдем шақырмай, баланы Қаскелеңдегі ауруханаға ақыры өздері алып барыпты.

Жеті жастағы Ғани Манарбек, қазір үйден аттап басуға қорқады. Үрей құшағындағы баланың айтуынша, сабақ арасындағы үзіліс кезінде түзге отыру үшін мектептің артындағы  әжетханаға барған. Қаңғыбас иттер сол жерде тап беріпті. Шырқыраған оқушыны әлдекімдер әрең дегенде ажыратып алған көрінеді.  

Ғани Манарбек, мектеп оқушысы:

-Маған қатты ауырып тұр. Қолымда, аяқта жара бар...

Ал, анасының айтуынша, баласы итке таланғанда мектеп басшылығы жедел шақырмаған. Сондықтан Ғаниды өз қолымен Қаскелеңдегі ауруханаға алып баруға тура келген. Ұстаздардың салғырттығына налыған ана, қаңғыбас иттер өріп жүрген мектеп ауласына ерекше бақылау қажет дейді.  

Құралай Жанысова, Ғани Манарбектің анасы:

-Менің балам медициналық кабинетте емес, сап-салқын дәлізде тұр екен. Ешқандай көмек көрсетілмеген. Мен есімнен танып қала жаздадым. Мұғалімдер болса, жай ғана жарақат деп алдаусыратуға көшті.

Ашуға мінген ата-аналар, тез арада дәретхананың мектеп ішінде ашылғанын талап етіп отыр. Бірақ, тозығы жеткен мектепте ондай талапты орындау мүмкін еместігін жеткізген директор, қолдан келгенше тиімді шешім қабылдауға тырысамыз дейді.

Динагүл Әбдиева, мектеп директоры:

-Егер біз күрделі жөндеуге ілікпейтін болсақ, онда аудан әкімі көмек беріп, биыл әжетхана жағынан көмектесеміз деп уәде берді.

Сонымен қатар, мектеп директоры оқыс оқиғадан кейін ауылдық әкімдікке хат жолдап, қаңғыбас иттерді аулауға пәрмен беруін сұрапты. Бірақ, берілген уәде сол қалпында қалып, ешкім ат ізін салмаған. Ал, былтыр округ бойынша мыңға жуық ит ауланғанын жеткізген ауылдық әкімдік өкілдері, ай сайын арнайы шара өткізіп жүрміз деп ақталды.  

Жандос Базарбаев, Райымбек ауылдық округі әкімінің орынбасары:

-Бізде екінші орынбасар бар. Кеше ауданнан келеді деп күткен. Жаңа түсте ғана сөйлестім. Бірақ, келмепті.

Мектептегі төтенше жағдайдан соң директор оқиға кезінде дəрменсіздік танытып, жедел жəрдем шақырмаған үш қызметкерге ескерту жасапты. Тіпті, қауіпсіздікті күшейту мақсатында күнделікті кезекшілік ұйымдастыруға көшкен. Ал, ата-аналардың ең болмағанда бастауыш сыныптар үшін кəріз құбырын ғимарат ішіне тарту керек деген өтініші қашан орындалатыны белгісіз.  Себебі, жергілікті билік өкілдері сырына қанық мəселені шешуге əлі күнге дейін қаражат бөлінбеген. Демек, түзге шыққан оқушыны тағы да ит талап тастамасынша ешкім кепілдік бере алмайды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде