Үндістанға барып ауру жұқтырып келген ерлі-зайыптылар дереу ауруханаға жатқызылды
Шекара асып жеткен қауіпті індет! Демалу үшін Үндістанға барып, тырысқаққа шалдыққан туристер саны артты. Алматылық ақ халаттылар жұқпалы ауруды тағы бір әйелден анықтады. Қазір науқастың өзі де, бірге саяхаттап қайтқан күйеуі де инфекциялық стационарға жатқызылған. Өткен аптада да дәл осы елге барып, ауру жұқтырып келген 3 отандасымыз тіркелген болатын.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
05.02.2018
27 жастағы келіншек қаңтарда еңбек демалысына шығып, қақаған аязды өлкеден, жылы өңірлерге барып демалуға бел байлайды. Күйеуі екеуінің таңдауы Үндістанға түсіпті. Ерлі-зайыпты сол елде 10 күн саяхаттап, елге қайтқан. Әйелдің денсаулығы үйіне келген соң ғана сыр бере бастапты. Яғни, іші өтіп, жүрегі айниды. Сөйтіп, арада 5 күн өткеннен соң, әбден есінен тануға жеткенге ғана дәрігерге жүгінген. Сөйтсе, келіншек Үндістаннан түрлі базарлықтарымен қоса, қауіпті ауруды жұқтырып келіпті. Ақ халаттылар тез арада науқастың өзін де, күйеуін де оқшаулап тастаған.
Саят Қауметбаев, Ауру жұқтырғандар мен аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің жетекшісі:
- Науқаспен байланыста болған күйеуін де ауруханаға жатқыздық. Құдай сақтап, одан тырысқақ анықталған жоқ. Ал, әйелінің қауіпті инфекцияны жұқтырғанын сараптама растады. Мұндай дерт тазалықтың сақталмауынан пайда болады. Шикі теңіз өнімдерін жеуден де туындауы мүмкін.
Әйелдің тырысқақты нақты неден жұқтырғаны белгісіз. Ал, Үндістанда демалып келген өзге отандастарымыз шикі ұлу жейміз деп бәле тілеп алған. Адам өміріне қауіпті ауру алматылық 3 жігіттен өткен аптада анықталған болатын. Олар әлі де инфекциялық стационарда жатыр. Мамандар жігіттердің жағдайын бірқалыпты дейді.Айта кетсек, тырысқақ өте тез тарайтын аса қауіпті инфекция. Оған шалдыққан науқастар уақыт өткен сайын әлсірей береді. Негізі бастапқы белгілері кәдімгі ішек ауруына ұқсас. Сондықтан, көбі соған алданып, уақыт өткізіп алады екен.
Саят Қауметбаев, Ауру жұқтырғандар мен аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің жетекшісі:
- Аурудың бастапқы белгілері кәдімгі ішек инфекциясына ұқсас. Бірақ, тырысқақтың бір ерекшелігі сусыздану. Ол адам ағзасын құрғатып жібереді. Ең қауіптісі де осы. Ағза әбден құрғаған соң, жағдайдың өліммен аяқталуы да мүмкін.
4 турист те қазір жіті бақылауда. Шекара асып жеткен індетті Үндістанның кез-келген жерінен жұқтырып алуға болатынын айта кетейік. Өткен жылы елімізде тырысқақ 5 рет тіркелген. Оның үшеуі бізге қыдырып келген үнді азаматтарынан анықталыпты. Әйтеуір, дәрігерлер дер кезінде қауіптің алдын алып, ауру жергілікті тұрғындарға тарап үлгермеген болатын. Ал, Үндістанның өзінде былтыр қауіпті инфекция мыңнан аса адамнан анықталған.
Санаулы күннің ішінде тырысқаққа шалдыққан 4 науқасты анықтап, әбігерге түскен алматылық дәрігерлер Гоа аралына барып келгендер болса, тез арада тексерістен өтулерін сұрауда. Ал, саяхатқа шығар кезде, жұқпалы ауруларға қарсы вакцина алған жөн. Өйткені, сақтықта қорлық жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!