Сағынтаев ішкі нарықты қауіпті азықтан қорғауды тапсырды
Ішкі нарықты қауіпті азық-түліктен қорғау үшін қатаң шара қолдану қажет! Премьер Бақытжан Сағынтаев бүгін қарамағындағыларға осындай тапсырма берді. Өйткені, адам денсаулығына аса зиян деп, сауда сөрелерінен алынған тағамдардың қайда кетіп жатқандығын ешкім білмейді екен. Тіпті құрамында химикаты көп өнімдер қайта саудаға түсуі мүмкін деп күдіктеніп отыр Үкімет басшысы.
Автор: Жәудір Оразхан
06.02.2018
Сауда сөрелеріндегі азық-түлікті сұрыптауға Сағынтаевтың өзі кіріскеніне қарағанда, дүкендердегі былық тым шектен шыққан сынды. Бүгін премьер қарамағындағыларға жұрт күнделікті тұтынатын өнімдерді жіті тексеруді тапсырды. Себебі, азық-түліктің сапасына жауапты органдардың салғырттығынан, қауіпті өнімдер жасырын жолмен қайта сатылуы мүмкін. Сағынтаев осылай күдіктеніп отыр.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР премьер-министрі:
-Мемлекеттік тексеру барысында қауіпті азық-түлікті дүкеннен алып тастаймыз. Әрі қарай не болады? Ол өнімді өртеп жібересіздер ме? Әлде жасырын түрде қайта сауда сөрелеріне түсе ме? Оны ешкім білмейді. Бәрі сөз жүзінде қалып отыр.
Екі жыл бұрын дүкендерден табылған құрамында зиянды қоспасы бар тауардың барлығы көптің көзінше өртенсін, түбегейлі жойылсын деген бұйрық болған екен. Бірақ, шенеуніктер бұған құлақ аспай келеді дейді Үкімет басшысы. Инвестициялар және даму министрі Сағынтаевтың бұл сынына қатысты ақталмақ болды. Жеңіс Қасымбек мәселені түбегейлі шешу үшін, мемлекеттік тексеруді министрліктерге бөліп берейік дейді. Ал бүгінде азық-түлік өнімдерін тек Денсаулық сақтау министрілгі тексереді екен.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
-Қазір мемлекеттік бақылауды тиісті органдарға бөліп беру мәселесі қаралуда. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауыз су мен балалар тағамынан басқа азық-түлікті тексеруді ұсындық. Бүлдіршіндерге арналған ойыншықтар, косметикалық өнімді Денсаулық сақтау министрлігі бақылауға алсын.
Жеңіс Қасымбектің бұл ойын Сағынтаев аса қолдай қоймады. Себебі, билікті бір органнан алып екіншісіне бергеннен ештеңе өзгермейді дейді премьер.
-Жалпы, қазір елімізде тек азық-түліктің сапасы тексеруден өтеді екен. Ал зауыттан шыққан электр сымы, көліктің бөлшектері, құрылыс заттары сынды өндірістік тауарлар мүлдем бақылаусыз. Яғни, олардың қоршаған ортаға, адамға зиянын анықтап жатқан ешкім жоқ. Жеңіс Қасымбек осы өндірістік заттарды да тексеруге алайық деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!