{metadescription}
Заңсыз жұмыстан шығарылдық деген "Әбу Даби Плазаның" құрылысшылары тағы наразылық білдірді
Заңсыз жұмыстан шығарылдық деген "Әбу Даби Плазаның" құрылысшылары тағы наразылық білдірді

Заңсыз жұмыстан шығарылдық деген "Әбу Даби Плазаның" құрылысшылары тағы наразылық білдірді

Атышулы «Әбу Даби Плазадағы» еңбек дауы шешілетін емес. Аяқасты жұмыссыз қалғандар бүгін де құрылыс алаңына барған еді. Бірақ ешқайсысы сол күйі ішке кіре алған жоқ. Сөйтіп не үшін қысқартуға ұшырағанын білмей әлі сенделіп жүр. Ал дауға араласқан Еңбек министрі заңның талаптарын ғана түсіндірумен шектеліп отыр.

-Ешкімге ештеңе ескертпеді.  Бір күнде шығарып жіберді.

Күтпеген жерден жұмыссыз қалған қалың қазақ Әбу-Даби плазаның жанына екінші күн қатарынан тағы жиналды. Нәпақасынан  жоқ жерден айрылған соң, тым құрыса өтемақы өндіріп алсақ дейді. Жұмысшылардың жанайқайына құлақ түрген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тіршілігінен айрылған 400 емес, 62-ақ адам дейді. Айтуларынша, олар мерзімдік жұмысқа қабылданыпты. Енді уақыты біткеннен кейін орындарын босату керек екен. 

Тамара Дүйсенова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

-Біріншіден әрбір азаматты жұмысқа шақырған кезде, шетелдік болсын өзіміздің азаматтар болсын, уақытын белгілеген. Сізбен біз келісім шартты 3 айға белгілейміз деп. Сол уақыт тәмамдалғаннан кейін ол біздің елдің азаматы ма, басқа елдің азаматы ма, жұмыстан шығуы керек.

Астананың әкімдігі құрылыс жүргізіп жатқан араб компаниясына шаң жуытпайды. Айтуларынша, арабтар 19-қаңтарда ескерту берген. Бірақ, бәрін бүлдіріп отырған  мердігерлер болуы мүмкін. Бұл ғимаратты салуға жалданған отандық фирманың саны 11. Қызметкерлерімен дауласып жүрген 4  компания. Ал атқамінерлер  жұмыссыз қалғандар далада қалмайды деп сендіріп отыр. 

Ермек Оспанов, Астана қаласы еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы:

-Бізде әлгі үлескерлер нысандары бар. Біраз нысандар қалып қалды қожайынсыз. Азаматтардың кейбіреулерінің ішінде ақшасы кетті. Жұмсап кетті, жеп кетті. Соларға әдейі бір мекеме құрылды. Сол мекеме сол ғимараттарды салып бітіреді. Сондай жоспар бар. Соған мына қалған жұмысшыларды кіргіземіз.

Мұхтар Қалдыбеков, жұмысшы:

-Жоқ ол ертегі. Бізде жігіттер бар. Атырауға барды. Мониторинг компаниясынан барды. Тек бір ай жатты. Тестен өткізеді. Олардың тесті өте қатал. Білмеймін қандай тест екенін, ол тестен ешкім өте алмайды. Тек қана өздерінің алып келетін үндістері бар. Мұнда 4 жыл болды істеп жүргеніме. 5 үндістің істегенін біздің бір қазақ ойнап жүріп істейді.

-Орталық Азиядағы ең биік ғимарат болады деген Әбу-Даби плазаның құрылысы басталғалы бері басынан дау арылған жоқ. Әуелде 88 қабат болады деген ғимараттың қабаттары 75-ке қысқарды. Онан соң бірнеше рет өртеніп те үлгерді. Енді міне, жүздеген адам аяқ астынан жұмыссыз қалып отыр. Олар тіпті жергілікті әкімдіктің далада қалдырмаймыз деген сөзіне де сенбейді. Тым болмаса өтемақымызды алып кетейік деген олар құрылысты маңайлап, кеңсе жағалап сенделіп жүр. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде